Қырғыз-қазақ бір туған!

Бірақ саясаттың реті осы екен деп, қазақ өз бауырының мүддесін ешқашан саудаға салған емес. Тіпті өзінің Қырғыз елімен мәңгі дос екенін 1997 жылы құжатпен бекітіп қойды.

Сандәйекпен сөйлеу керек болса, онда да ауыз толтырып айтарлық қомақты көмегіміз бар. Айталық, Қазақстанның Қырғыз еліне салған 800 млн доллардан астам инвестициясы бар. Қырғыз елі үшін батысқа жалғыз дәліз болып отырған — Қазақстан, қырғыздардың жолаушы және жүк тасымалына көмектеспесе, ешқашан кедергі болған емес. Тіпті Қазақстан өзі шығынға батса да, Қырғыз елінің көлік ағынын тоқтатқан емес.

Ақыры, Қазақстан әрқашан Қырғыз Республикасының экономикалық ахуалын ескеріп келді. Еуразиялық Одаққа мүше бола тұра, Қытай тауарларын өз өнімі ретінде сатып жатқанына кейде көз жұма қарап келгеніміз жасырын емес. Қазақстанның — қосымша құн салығынан, көлік дәлізін көрінеу жеңілдікпен беріп отырғаны — жылына 200 млн доллардан астам шығын әкеліп отыр.

Бұларға, дәстүрлі еңбек миграциясын қоссақ, Қазақстан қырғыз елінің басты стратегиялық әріптесі деуге болады. Елімізде 120 мыңнан астам қырғыз елінің еңбек мигранты бар. Бұл орасан массив айма-ай үйіне ақша жіберіп, және сақтандыру, еңбек демалысы бойынша тиісті көмек пен қызмет алып отырғанын ескерсек, есептен тыс қаншама көмек беріліп жатқаны өзінен өзі түсінікті.

Ауылшаруашылық өнімдері — өз алдына бір төбе мәселе. Қырғыз елінің кедендерде халықаралық, тіпті — мемлектаралық фитосанитариялық талаптарға сай бақылауды қамтамасыз етіп келе жатқаны шындық. Бірақ Қазақстан әрбір мәселеде Қырғыз елінің жағдайына мейлінше түсіністік танытып келді емес пе?

Дипломатиялық этиканы былай қойғанда, жай ғана — кісілікке де томпақ келетін Қазақстанға байланысты мәлімдемелер қырғыз тарапынан бұрын да жасалып келген. Шекаралас аудандарды сумен, электр энергиясымен қамту сұрақтарында да қырғыз тарапы мейлінше өзіне тиімді шарттармен жүмыс істеп келеді.

Бірақ Қазақстан тарапы мұндай олқылықтарды ешқашан алға тартып, мемлекетаралық қатынастардың күн тәртібіне ешқашан шығарған емес. Шығармайды да. Риясыз көмегіміз бен бауырластық қатынасымыз жалғаса бермек екенін Қазақстан тарапы бірнеше рет мәлімдеді.

Осы сипаттағы Қазақстанның әрекеттері әрі қарай да қырғыз мүддесінің үдесінен шыға бермек. Тек осыған — уақытша, мезеттік саяси ойындар мен популистік қылықтар кесірін тигізбесе екен деген тілек. Әйтпесе, саясат келеді, кетеді; ал халықтар — мәңгі қалады.