Ақмола облысындағы Жәнібек-Шалқар кесенесінің ерекшелігі неде?

Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі — Жәнібек-Шалқарға арналған кесене XV ғасырда тұрғызылған. Тарихи-сәулет ескерткіші  Астана қаласынан 100 шақырым қашықтықта Қорғалжын елді мекенінің маңында орналасқан.

Ортағасырлық теңдессіз тарихи ескерткішті сол кезде Орта Азия елдерінен келген шеберлер мен қолөнершілер салған. Нысанды тұрғызу үшін арнайы пеште 50 мыңнан астам кірпіш күйдіріліп, дайындалған екен. Кесене Нұра өзені арнасының төмен ағасында пайда болған ағынды көлдің атауымен аталған. Қорым шоқының үстінде тұрғызылған, жанында қыр құстарына бай дала өзендері ағып жатыр.

Жаңа мыңжылдықта кесенені жергілікті аңшылардың бірі тапқан. Ғалымдар бұл жерден көгілдір ақықтан жасалған қыш тақташаларды анықтаған. Осындай материалмен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Самарқандтың тарихи бөлігі қапталған болатын. 2010 жылдары М. Хабдулинаның жетекшілігімен Есіл археологиялық экспедициясы ортағасырлық тарихи сәулет ескерткішін зерттеді.

Ғалымдар кесенені порталды-күмбезді үлгіге жататынын дәлелдеп отыр. Кесененің алдыңғы жағы зерленген тақтамен, түрлі өсімдік және геометриялық өрнектердің оюланған үйлесімімен безендірілген. Тақталардың кейбір түрлерінің шоғырлану топографиясы олардың кесене безендірілуіндегі орналасқан орындарын болжауға негіз береді. Ескерткіш бірегей полихромды жапқышпен көмкерілген екен, бұны сол кездегі тек ақсүйек адамдар ғана жасата алатын. Осы күні Нұра өзенінің төменгі ағысында «Керей», «Жәнібек-Шалқар» және «Сұлтан келді» тәрізді жер-су атаулары сақталған. Бұл атаулар да Қазақ хандығы құрылған дәуірде пайда болғанын білдіреді.