«100 жаңа есім» жобасына онлайн дауыс беруге болады

Бүгiн Қазмедиа орталығында «Қазақстанның 100 жаңа есiмi» жобасы бойынша жұмыс және сарапшылық топтың кезектi отырысы өттi. Оған ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай қатысты.

«Қазақстанның 100 жаңа есiмi бойынша ауқымды жұмыс жасалды. El.kz редакциясы сайтқа келген барлық өтiнiштi қабылдап, жариялады. Қазан айында бiздiң конкурстың келесi кезеңi басталады. 100esim.el.kz сайтында онлайн дауыс беру жүйесi iске қосылады. Дауыс беру тура бiр ай жалғасады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшiн жоба қатысушылары iстеген қызметтерiне қарай 7 санатқа бөлiнедi. Атап айтсақ, мәдениет, өнер, бiлiм, қоғам, бизнес, медицина, ғылым мен спорт. Әр бөлiмде 30-40 қатысушы жарияланады. Олардың нақты саны жұмыс және сарапшылық топтың iрiктеуiне байланысты құбылады» — дедi «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов.

Басқарма төрағасы отырыс қатысушыларына онлайн дауыс беру жолын түсiндiрдi. Оның айтуынша, дауыс беру барынша жеңiлдетiлген, таңдаған қатысушыны қолдау үшiн перненi бiр рет басу жеткiлiктi. Қатысушылардың фотосуретiн басқанда ол туралы барлық ақпарат көрiнедi. Сондай-ақ, жалған дауысқа жол бермес үшiн электрондық пошта немесе әлеуметтiк желiдегi аккаунт арқылы тiркелу жүйесi қарастырылған. Пайдаланушы әр бөлiмдегi үш қатысушыға ғана дауыс бере алады, бiр үмiткерге тек бiр дауыс қабылданады. Дауыс саны қатысушы суретiнiң жанында көрiнiп тұрады.

«Жаңа есiмдердi анықтауда жұртшылық жоғары белсендiлiк танытты. 7 маусымнан 15 қыркүйекке дейiн елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жобаға қатысушылардан өтiнiш қабылданды. El.kz порталында 2 212 кандидаттың өтiнiмi орналасты. Қазiргi таңда оларды iрiктеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр», — дедi Евгений Кочетов.

ДереккөзBaq,kz