Евгений Кочетов: Ұлттық банктің айтқанын керісінше істеу керек

«2016 жыл да ешкімге оңайға соқпайды. Ұлттық банк экономикалық өсім мен инфляцияға қарсы күрес арасында арпалысқа түсетін болады. Оған теңгенің құлдырауының жалғасуын қосыңыз» дейді экономист.

Оның айтуынша, өткен жыл халықтың ұлттық валютаға деген сенімін біржолата жоғалтты. Соның салдарынан, ел жиған тергенін шетел валютасына ауыстыра бастады. Шетел валютасындағы ақша массасының үштен бірін депозиттердегі ақша құрап отыр. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде бір жарым есеге артқан. Қазір жеке тұлғалардың депозиттерінің 80 пайызы шетел валютасымен сақталған.

Теңгенің мұнша құлдырауын экономист Ұлттық банктің теңге «еркін жүзіп жүрген» теңіз тереңдігін анықтауға жүрексінуімен түсіндіреді. Соның нәтижесінде, өткен жылы төл валюта 65 пайызға құнсызданған.

Экономист елімізде Бас банкирдің ауысуын орталық банкке деген күдікті одан әрі қоюландырған оқиға деп бағалап отыр.

«Ұлттық банк басшысын ауыстыру керек деген әңгіме қыркүйек айында басталды. 2 қараша күні ол ауысты. Келімбетовтің орнына бұрынғы басшылардың ішіндегі ең жас және осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар Ақышев келді. Ресейде де осындай тағайындау болды. Онда Орталық банк Эльвира Набиуллинаға сеніп тапсырылды. Екі елде де халық жаңа басшыдан не күтерін білмеді. Ақыры өзіміз көргендей, теңгенің құлдырауы тоқтамады. Оның үстіне, Бас банктің жаңа басшысы ашық саясат жүргізбей отыр және оның кейбір мәлімдемелері де қаржылық нарық қатысушыларына «қызық  көрінді» деген Евгений Кочетов Д. Ақышевтің қаржы нарығының ойыншыларымен, халықпен тіл табыса алмағанын жеткізді.

«Өткен жылы долларсыздану деген термин жиі қолданыста болды. Ресми мәлімдемелер жасалып, бағаны тек ұлттық валютамен белгілеу, тек теңгемен сауда жасау туралы ұсыныстар тасталды. Құрылыс, автокөлік нарығында теңгемен баға белгілеуге көшуге әрекет жасалды. Бірақ, ақшаны теңгемен жинау ешкімге пайда әкелмеді. Ұлттық валютамен сақталған депозиттердің мөлшерлемесі инфляция деңгейінен де төмен болды. Девальвациядан шошынған халық та теңгемен депозит ашуға жүрексінді» деген пікір иесі инфляция деңгейінің 2016 жылы да төмендеуін күтпеуді ескертті.

«2016 жылы инфляция дегенді ұмытамыз деп ойлау – қате. Қазір баға өсімі осымен тоқтамайды. Өйткені, шағын және орта бизнес өкілдерінің қоймаларында ескі бағаммен алынған тауарлар сақталып келді. Кешегі жаңа жылдық жаппай сатылымдарда оның да түбі көрінді. Яғни, жаңа жылдың алғашқы айыннда-ақ, ифнляция деңгейінің артуы ғажап емес» деген қауіпті жеткізген сарапшы Ұлттық банкке барлық жұмысын ашық жүргізуге кеңес береді.

«Тек ашық қаржылық саясат қана төл валюта мен Ұлттық банктің жоғалтқан сенімін қайтара алады» дейді Е. Кочетов.

Халық пен Ұлттық банк төрағасы арасындағы түсіністік мәселесінде экономист  АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесін басқарған Алан Гриспеннің сөзін мысалға келтіреді.

«Оның (А. Гринспен-ред.): «Егер сіз мен барлығын түсінікті жеткіздім деп ойласаңыз, онда сіз ештеңе түсінбедіңіз» деген сөзі бар. Бұл сөз бізге де жат емес. «Ұлттық банк өкілінің айтқанын тыңда да, барлығын керісінше істе» деген қағида Қазақстанда да мықтап орнады» деді өткен жылдың қаржылық тынысына шолу жасаған экономист.

Дереккөзqamshy.kz