Қазақ пен қалмақ арасындағы соңғы шайқас туралы не білеміз?

Мерзімі: 1771 жыл, қаңтар-қараша айлары

Майдан алаңы: Еділ, Жем және Мойынты өзендерінің бойы, Балқаш көлі маңы

Соғысқан екі тарап: шамамен 50 мың әскерден құралған қазақтар мен 40 мың әскер қалмақтар

Қолбасшылар: Абылай хан мен Кіші жүз ханы Нұралы қазақтарды бастап барды; Қалмақтардың қолбасшысы Ұбашы болды.

Қатысқан батырлар: Баян батыр, Сары батыр, Шотан батыр, Жантай батыр

Адам шығыны: қазақтарда белгісіз, қалмақтарда 100 мыңнан асады.

Тарихи маңызы

Қазақ пен қалмақ арасындағы соңғы шайқас болды.

Өту барысы

Еліміздің Батыс аймағындағы қалмақтардың торғауыт атты тайпалары Еділ бойын жайлап, Ресей империясына бағынышты болатын. 1771 жылы қаңтарда 39990 отбасы өзеннен бері өтіп, Қытай жер бетінен жойып жіберген Жоңғар хандығына кетпек болады. Өзеннен өте алмаған 11 198 отбасы Ресей аумағында қалып қойды. Дегенмен, ежелгі отанына бет бұрған 40 мың отбасы алдымен қазақ жерінің аумағымен жүріп өтуге тиіс еді. Мұншама көп адам қазақтың көптеген ауылдарын таптап өтті. Оны естіген Нұралы хан шұғыл түрде үлкен жасақ ұйымдастырып, бас сардар Шотанның бастауымен алғашқы ұрыс Жем бойында өтеді. Нұралы хан қалмақтардың кейін қайтуын талап етті. Қалмақтар жеңілді, сөйтіп, басшылары Ұбашы Нұралыдан бітім сұрап, еш кесірін тигізбей Қытайға қарай өтіп кетуге рұқсат сұрады. Бұған қазақ жағы келіспеді.

Қалмақ көштері Мұғалжарды айналып өтіп, одан әрі жылжыды. Көктемгі су тасқыны кезінде қамыстан сал жасап, Торғайдан қиындықпен өтті. Қазақтар оларды шабуылдаумен болды. Жаздың ортасына жеткенде олар Балқаш маңындағы Мойынты өзені жағасына аялдады. Сол жерде оларға Абылай хан бастаған 50 мың сарбаздан құралған әскер келді. Қалмақ жетекшісі Ұбашы Абылайға елші жібереді. Ол қазақ ханынан өздерін бодандыққа қабылдауын өтініп, «ақ үй аманат» беруге уәде етеді. Абылай шұғыл әскери кеңес шақырып, мәжіліс құрады. Жиын үш күнге созылды. Осында Баян батыр ғана батыл түрде ханның қалмаққа сенбеуін өтінеді. Расымен де үшінші тәулікте қалмақтар қоршауды бұзып өтіп, қашып кетті. Олар Балқаштың батыс жағын айналып өтіп, Іле өзенінің бойымен жоғары өрлеп Жоңғар еліне жетуді көздеді. Бірақ, олар ұзақ жолда шөлден, түрлі аурулардан қырыла берді (біраз қалмақтың қазақ арасына сіңіп кеткенін де айта кеткен абзал). Артынан жеткен қазақтар қалмақты шетінен шабуылдап, әскери қуатын кеміте түсті. Мұздай қаруланған ең табанды 14 мың қалмақ қана қазіргі Кеген, Нарынқол өңірі арқылы отанына жетіп жығылды. Дегенмен, олардың күні Қытайға қарап, соның боданына айналды.

Қазақтар мына жақта қашқан қалмақтың соңында жүргенде, Мойынты өзенінде қоршауда қалып қойған бір топ қалмақ Танжу тайшының басшылығымен сытылып шықты. Оларды біраз уақыт ешкім байқамады. Әйткенмен, Ілеге жете бергенде қазақ әскерімен шайқасқа түсті. Олардың да тек оннан бір бөлігі асқан табандылық пен төзімділіктің арқасында Қытай аумағына жетті. Әрине, бұл тұста Жоңғар мемлекеті жер бетінен жойылып, қалған аз бөлігі де бодандық қамытын киюге мәжбүр болды. Осылайша, ғасырларға созылған қазақ-қалмақ шапқыншылығы тоқтады.