Енді теңіз жағасында демалам деуші бірде-бір азамат сақтанбай шекара аса алмайды. Бүгін Ұлттық банк Қазақстан нарығына қандай сақтандыру компанияларының кіруіне рұқсат барын, одан ел ішінде ең кең тараған көлікті міндетті сақтандыру құны қалай өзгеретінен айтып берді. Бұл туралы «КТК» арнасы хабар таратты.
Ұлттық банк төрағасының Үкіметке ұсынған заң жобасы туристерді күтпеген жағдайдан сақтағанымен, қалтаға қосымша салмақ салады.
«Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары емес. Күніне 340 теңге. Сақтандырумен қамту 3,4-17 млн теңге аралығында»,-деген еді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев министрлердің алдында.
340 теңге қатып қалған құн емес. Туристің бет алған еліне байланысты сақтандыру бағасы құбылуы мүмкін. Ұлттық банк қызметкері Шоқан Итемгеновтың айтуынша, міндетті сақтандыру үш бағдарлама бойынша жүзеге асады. Біріншісі ТМД елдері бойынша, екінші Еуропа мен Азия мемлекеттері және қалғандары. Яғни елдің тұрмысы, қауіпсіздік деңгейі сақтандыру полисінің бағасына тікелей әсер етеді. Егер бұрын отандық туристер сақтандыруды өз еріктеріне, артық ақшаларына қарап алса, енді бұл елден шығудың міндетті шарты болмақ. Ұлттық банк қызметкерлері шетелдік сақтандыру компанияларына қандай шартпен Қазақстанға келетінін де айтып берді.
«Мысалы міндетті капиталдың мөлшері 5 млрд теңгені құрауы керек. Сондай-ақ сақтандыруда 10 жыл тәжірибесі болуы шарт. Ұлттық банк сонымен қатар шетелдік компаниялардың біздің елдегі басшыларына қатысты өз талаптарын қоя алады»,- деді Шоқан Итемгенов.
Заң жобасы жақын арада парламентке түсіп, анық-қанығы сол жерде айтылуы тиіс.