Қазақ әскери дәстүріндегі лауазымдар

Көшпелі түркі халықтарының әскери лауазымдық жүйесінің тамыры тереңде жатқанмен, негізгісі VІ-ғасырларда қалыптаса бастады. Бұған көнеден жеткен түркі жазба ескерткіштері толық дәлел  бола алады. Бұл ескерткіштерде бек, тархан, баһадүр, әмір, сұлтан, уәзір сынды биік лауазымдар жиі аталады. Бұларды көбіне хандардың тікелей ұрпағы төрелер немесе текті тұқымнан шыққандар иемденген.  Патшаның екі жағында отыратын кеңесшілері де әскер бастайтын майсары немесе маймене деп аталған. Қазақ хандығы құрылған тұста  майсары атауы оң қанат, маймене сол қанат болып өзгерді. Ал әскери жасақтартығ ұрамы мен басқару жүйесі лауазымы төмендегідей болып қалыптасқан.

Жауынгер — кез келген жағдайда дайын тұратын әскер адам. Жауынгерлер өз қолбасшыларына бағына отырып, берілген бұйрықты міндетті түрде орындауы шарт. Бұйрықтан жалтарған жауынгер қатаң түрде жазаға кесілетін болған.

Шерік — моңғол тілінен енген сөз. Ол қару жарағы сайма-сай әбден шыныққан сарбаз.

Сарбаз — арнайы әскери дайындықтан өткен жауынгер. Сарбаз кез келген төтенше жағдайда өз бетінше іс-қимыл жасай алады. Бірақ сарбаз еш уақытта өзін-өзі басшы сайламайды. Ол міндетті түрде өзінен жоғары лауазым иесіне бағынады.

Қолбасшы — кез келген әскери жасақты басқарып кете алатын жауынгер, не батырды айтады. Көбіне қолбасшылар жүрек жұтқан батыр да, білегі күшті палуан да болып  келеді. Орта ғасырда қазақ батырларының дені қолбасшы санатына жатқызылды.

Сардар — қол бастау ісіне де, ел бастау ісіне де төселген жауынгерді айтады. Сардарлар әр уақыта хандардың сенімді өкілі бола білген. Хан аса құпия істерді орындауды сардарға сеніп тапсырған. Ол бес қаруды толық меңгерген соғыс ісіне аса шебер жауыгер болуы шарт.

Баһадүр – ерте заманғы әскерилер жігінің өкілі, бір сөзбен айтқанда батыр.  Бір ерекшелік, «Баһадүр (батыр)» атағы ақсүйектер мен төре тұқымы өкілдеріне берілетін құрметті атақтың бірі. Аса үлкен шайқастарда ханды қорғап қалған жауынгер баһадүр атағын иемденетін болған. Сондай-ақ, қара халықты жаудан қорғаған жауынгерге де хан баһадүр атағын берген. Бұлардың өзге жауынгерден айырықша болып тұруы үшін бас киіміне, дулығасына құс қаурысындарынан жасалған «жыға» шаншып, найзалары мен сүңгілеріне хан ұсынған жеке туларын тағып жүрген.

Аламан — әскери іс қимылдан көрі бейбіт жағдайларда топ бастайтын сөзге шешен, білегі мықты адамды айтады. Аламандар көп жағдайда ішкі тәртіп бойынша, ру арасындағы дау-дамайды тоқтату үшін қастарына қосшы ертіп жүрген.  Сонымен бірге аламан аса ақыл иесі де болуы керек. Сондықтар әр рудың бір аламаны болатыны сөзсіз.

Шора  — бұлда батыр, әрі аса мерген жауынгер. Негізі шора әскери лауазымға толық жата бермейді. Шора ұғымы ертедегі бір аңыздан қалыптасты. Күллі түркі халықтарына ортақ бір аңызда «Шора есімді ер жігіт аң аулап, өз руын аштықтан аман алып қалған екен». Аңыз желісінде сол Шора асқан мерген, қамшыгер, найзагер, әрі өзі өте епті болады. Сондықтан да халық Шораның есімін ұзақ уақыт бойы ұмытпай жүріп, ел арасында ерлік көрсетіп батыр, әрі аңшы болған адамдарды сыртынан Шора атаған.

Жасауыл —  өз міндетіне сай әскери атақ деуге болады. Жасауылдар көбіне хан, патша әскерінің сыртынан бақылап отырады. Үнемі жауынгерлердің сауыт-сайманын, қару-жарағы, аты мен азық түлігін қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда әскербасының шабарманы. Үлкен шайқастарда жасауылдар ерекше іс-қимыл жасайды. Ал қала қамалының қақпасына күзет осы жасауыл басқарған әскери топқа жүктелген. Жасауыл ұғымы қазақтар арасына шамамен 1570 жылдардан бастап кіріге бастаған. Негізінен орыстың «Есауыл» сөзінің қазақша дыбысталуы. 1917 жылы әскери лауазым, шен қасиетін жойды.

Онбасы — түркі халықтарының орта ғасырларда қалыптасқан әскери лауазымы. Біріккен үлкен жасақтың белгілі бір тапсырманы орындауға арналған он, не он екі адамнан тұратын жауынгерлік топ басшысы. Дәрежесіне қарай онбасы жүзбасыға бағынады.

Жүзбасы — жүз әскерге басшы.  Жүзбасы бейбіт замандарда да өз лауазымын сақтай отырып, айналасы жүз отбасыға басшылық жасай беруіне құқылы. Кейде бір ауыл осы жүзбасыға бағынған. Аталмыш лауазым қазақтар арасында XIX- ғасырға дейін сақталды. Бұл лауазым орыс әскери жасағында да қолданысқа ие.

Мыңбасы – мұны кейде мыңбегі деп та аталады. Ертеде түркі  және моңғол жасағынан мың қолды (жауынгерді) басқарып жүретін басшыны атаған. Мыңбасын түркілер — бек деп атаса, моңғолдар – ноян, арабтар –әмір деп атаған.  Бір ерекшелік, мыңбасылар кез келген жағдайда әкімшілік билікке араласа беруіне құқылы.

Түмен — бұл түркілер мен моңғол ұлыстарында болған ірі басты әскери лауазым. Бір түменге он мың (10 000) әскер бағынышты болады.  Кей жағдайда өз ішінен мыңдық пен жүздікке бөлінеді.  Бір түмен әскерді қазақ жер қайысқан қол деп атай береді.

Бас қолбасшы — қазақтарда күллі қолбасшылардың барлығының төрешісі деп айтуға болады. Бас қолбасшылар соғыс кезінде әскери іс-қимылды түгелдей өз басшылығына ала отырып, өз бетінше тәуелсіз шешім қабылдауға құқылы. Сонымен бірге одақтас мемлекеттердің де жасақтарына басшылық жасай береді. Жоғары дәрежелі бас қолбасшы қажеттілік туындаса бір елдің барлық азаматтық құрылымдарына төтенше билік жүргізеді. Батыс Еуропа елдері мен Ресейде бұл лауазым 1914 жылдан бастап енгізілді. Кейбір елдерде Бас қолбасшы «маршал» атауы осы күнге дейін байырғы атауымен айтылып келеді.

Шабарман – әскери адамға жатпағанмен, оларда қару асынып, ары-бері хат хабар жеткізіп, ханның, әскербасының тапсырмасын орындап шапқылап жүретін аттылы адам.