Астанада Мамандандырылған ХҚКО-лардағы қызмет көрсету мерзімі ұзартылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Арнайы сараптама тобының мәлімдеуінше, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Астана қаласындағы “Алматы” ауданындағы мемлекеттік кірістер басқармасында мемлекеттік қызмет көрсету саласын оңтайландыру мақсатында қолға алынып, қысқа мерзім ішінде іске асырылған шаралар оң нәтиже берген.

Енді Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында құжат қабылдау уақыты сағат 18.00-ден 19.30-ға дейін ұзартылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен ХҚКО-лардағы көші-қон қызметінің жұмыс уақыты өзгерді. Бұрын олар сенбі күні тек 13.00-ге дейін ғана жұмыс істесе, қазір басқа қызмет түрлері секілді 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болды. Осылайша, Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының көші-қон қызметі дүйсенбіден сенбіге дейін сағат таңғы 9.00 мен кешкі 20.00 аралығында қызмет көрсететін болды.

Сонымен қатар, халықты ақпараттандыру мақсатында ХҚКО-лардағы “ресепшн”, өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімдері және операциялық залдарда брошюралар ілінген. Онда “электронды үкімет” порталы арқылы қызмет түрлерін пайдалану, кеңес алу жолдары туралы пайдалы ақпараттар жазылған.

Кезек күту залында қосымша орындықтар қойылып, желдеткіштер, ақпараттық тақталар орнатылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету, құжат қабылдау секторларының қызметі ретке келтірілді.

ХҚКО-лардан өзге салық органдарына да адам жиі келеді. Соған байланысты 2 тамыз күні өткен ведомство аралық жиналыста халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана қаласының мемлекеттік кірістер Департаментіне бірталай тапсырмалар берілген еді. Олардың бірқатары бүгінгі таңда орындалды.

Ең бірінші мемлекеттік қызметті пайдаланушылардың күту залы ретке келтірілді. Электронды кезек енгізілді. Желдеткіштер орнатылып, өзіне-өзі қызмет көрсету залдарындағы компьютерлер толығымен интернетпен жабдықталды, қосымша мультикассалар қойылды. Кеңес беру бөлімі бірінші қабатқа түсірілді. Бұрын азаматтар кеңес алу үшін әр бөлімге барып, кезек күтіп отыратын еді.

Осының бәрін ескерген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев “Азаматтарға арналған үкімет” Мемлекеттік корпорациясының басшылығына, мемлекеттік кірістер Департаментіне қысқа мерзім ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған және әкімшілік кедергілер мен бюрократияны жоюға бағытталған жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған дәл осындай жұмыстар еліміздің басқа да қалаларында қолға алынып жатыр.

Айта кетейік, елімізде көптеген қызметтерді үш сағатта алуға болады. Атап айтқанда, азаматтық хал актілерін тіркеу, баланың туғанда куәлік беру, қайтыс болуды тіркеу, неке бұзуды тіркеу секілді қызметтер Е-ХҚКО көмегімен жылдам көрсетіледі.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ҚР Әділет министрлігімен бірлескен пилоттық жобасы шілде айында басталған еді. Бұрын Астанақаласында ғана жүзеге асырылған бұл жобаны енді Е-ХҚКО бойынша 10 облыс және Алматы қалаларының тұрғындары  да пайдалана алады.

«Азаматтардың жеделдетілген режимде АХАТ қызметтерін алуы үшін, Астана қаласы бойынша біз Астана қ. № 1 ХҚКО бөлімінде АХАТ қызметкерлері үшін жұмыс орындарын, ал өңірлерде – «Е-ХҚКО» қағидаты бойынша АХАТ қызметкерлерінің ХҚКО бөлімдерімен бір ғимаратта орналасуын ұйымдастырдық. Енді олар логистикаға уақыт жоғалтпай, азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер енгізу функцияларын сол жерде орындайтын болады» – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

Жаңа жоба басталғаннан бері 462 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 428 – туу туралы куәлік, 17 – қайтыс болуды тіркеу, 17 – соттың шешімі негізінде некені бұзуға қатысты болған.

Бұрынғы стандарттар бойынша, қайтыс болуды тіркеу бір жұмыс күні ішінде, бала тууды тіркеу екі жұмыс күнінде, некені бұзу 2 жұмыс күнінде жүзеге асырылған.

Егер өтініш сағат 17.00-ден кейін берілсе, нәтижесі келесі күні сағат 12.00-ге дейін дайын болады.

Сондай-ақ eнді мемлекеттік қызметті алуға өтініш беру немесе дайын анықтаманы алу мүмкіндігін тек астаналықтар ғана емес, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарына да қол жетімді болды.

«Біз пилоттық жобаға мұқият мониторинг жүргіздік. Оны іске қосқан сәттен бастап сағат 20.00 мен 24.00 аралығы кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге шамамен екі мың өтініш қабылданып, 506 құжат берілген. Осындай сұранысты көріп, біз түн ортасына дейінгі жұмыс кестесін Шымкент және Алматы қалаларындағы бөлімдерде де енгізуді шештік, себебі бұл екі қала халық саны бойынша ең үлкен қалалар», -деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08.00-ден 24.00-ге дейінгі фронт-офистердің мекен-жайы:

  • Астана қ. Сауран 7;
  • Алматы қ., Әуезов ауданы, Жандосов к-сі, 51;
  • Шымкент қ., Қаратау ауданы, Нұрсат мөлтек ауданы, 24 мекен жайлары бойынша орналасқан.

Айта кетейік, қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын осы бөлімдерде сағат 24.00-ге дейін төлеуге болады, себебі кассалар да «тәулік бойы» жұмыс режиміне ауыстырылған.

Сенбі күні бұл бөлімдер сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ енді туу туралы куәлікті үш сағатта алуға болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов әлеуметтік желіде мәлімдеді.

«Біз 1 шілдеден бастап Әділет министрлігімен және әкімдікпен бірлесе отырып Астанадағы «Санкт-Петербург» бизнес орталығындағы ХҚКО-да пилоттық жобаны іске қостық. Енді Азаматтық хал актілерін тіркеу желісі бойынша туу туралы немесе қайтыс болу жөніндегі куәлікті алу үшін ХҚКО-дағы қызметкерлерімізге өтініш жасауға болады», – дейді А.Оспанов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, егер осы пилоттық жоба сәтті жүзеге асатын болса, онда еліміздегі барлық ХҚКО-да куәлікті алу уақыты қысқарады.

«Біз осы ғимаратта АХАТ қызметкерлерімен бірлесе отырып, келіп түскен өтініштерді жедел қарайтын боламыз. Енді екі күнде алатын куәліктерді 3 сағатта алатын мүмкіндік болады. Оның өзінде 3 сағат – ол ең ұзақ уақыты. Негізінде құжаттар бірден өңделіп, дайындалады да, дайын болған бетте беріледі. Қазір біз үшін осы екі қызмет бойынша тіркеу мен құжаттарды әзірлеу кезіндегі жүктемені есептеу маңызды. Егер барлығы сәтті жүретін болса, Азаматтық хал актілерін тіркеу желісі бойынша құжаттар қабылдауды Еліміздің барлық ХҚКО-ларындағы мамандарымыз жүзеге асырады. 10-шы шілдеден бастап азаматтық хал актілерін тіркеуге қатысты қызметтерді көрсету мерзімін азайту жобасына елімізде тағы 46 ХҚКО қосылады» – деп жазды Аблайхан Оспанов.

Сондай-ақ тұрғындарының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында дайын жүргізуші куәлігін алу үшін күтуі қажет емес. Жыл басынан 137 мыңдай куәлік берілді. 

Бұл үшін жаңа жүргізуші куәлігін ресімдеу кезінде клиент өтініш толтырып, онда дайын құжатты алу ыңғайлы болатын бөлімнің нөмірі мен мекенжайын көрсетуі тиіс.

Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ өндіріс қызметін үйлестіру жөніндегі басқарушы директоры Шоқан Әбділмановтың айтуынша, пилоттық жоба қызмет алушылардың уақытын үнемдеуге және мамандандырылған ХҚКО-лардағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді.

“Астана, Алматы және Шымкент – жаңа жүргізуші куәлігін алу үшін азаматтардың көптеген саны жүгінетін үлкен қалалар екенін білеміз. Бүгінгі күннен бастап олар дайын құжатты алу үшін кезек күтпейтін болады. Олар оны мамандандырылған ХҚКО-да берілген қолхатты көрсетіп, өздеріне ыңғайлы кез келген ХҚКО-да ала алады”– деді Шоқан Әлманов.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мамандандырылған ХҚКО – Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Ақтау, Павлодарда, Петропавл, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Ақтөбе және Шымкент қалаларында, сондай-ақ екі мамандандырылған ХҚКО секторы Алматыда және Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында жұмыс істейді.