Батысқазақстандықтар латын әліпбиіне көшуді қолдап жиын өткізді

Басқосуда А.Мыңбаева латын әліпбиінің артықшылықтарына тоқталды.

«Елбасы ғалымдармен ақылдаса отырып, 2017 жылдың аяғына дейін латын әліпбиінің бірыңғай стандарттық нұсқасын қабылдау, жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және мектептерде оқулықтарды дайындау секілді маңызды межелер қойып отыр», — деп атап өтті.

Ғ.Хасанов қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылықпен қарап отырғандарды күмәннен арылуға шақырды. Бұл болашаққа батыл қадам, тіліміздің болашағы үшін дер кезінде қолға алынған маңызды мәселе екендігін мәлімдеді. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде латын әліпбиінің маңызы өте зор. Қазіргі кирилл-қазақ әліпбиінің өзгеруі орыс тіліне теріс қарау емес. Қайта, латын әліпбиі кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған жекелеген кірме әріптерден арылтатын әліпби екенін алға тартты.

Айта кетейік, ҚР Парламентінде 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет қаралды. Онда латын әліпбиіне көші үшін 2018 жылы 300 миллион теңге, 2019 жылы 300 миллион теңге бөлінетіні айтылды.

Елбасы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында осы жылдың соңына дейін бірыңғай латын әліпбиін жасап шығуды тапсырған еді. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар даярланып, орта мектептерге арналған кітаптар қайта басылып шығатын болады. 2025 жылға дейін қазақстандықтар жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуі тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйек күні мәжілісте латын әліпбиін енгізуге арналған парламенттік тыңдау өтті. Онда жаңа әліпбиге 25 әріпті нұсқа ұсынылды. Бірақ бұл нұсқа көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ.