Латын әліпбиінің нұсқасы парламентке ұсынылды

Бүгін мәжілісте латын әліпбиін енгізуге арналған парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Жаңа әліпбиге 25 әріпті нұсқа ұсынылды. Ол А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының мамандарының пікірін ескере отырып жасалған.

«Әліпбидің жаңа жобасын жасарда қазақ тілінің дыбыс жүйесі ескерілді. Нәтижесінде әліпбидің ұсынылған нұсқасы 25 әріптен тұрады»,- деді Ербол Тілешов.

Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, латын әліпбиін енгізу үшін нақты кестесі жасалады. Барлық шаралар сол кестеге сай іске асырылатын болады.

«Мектеп оқулықтарын латын әліпбиіне көшірмес бұрын педагогтармен, ата-аналармен тағы бір рет талқылаймыз. Сондай-ақ, мәдениет, ақпарат және коммуникация министрліктерімен де талқылап, Президент әкімшілігі мен Үкіметпен келісеміз»,- деді вице-министр.

Асхат Аймағамбетов тек қазақ тілі мен қазақ тілінде оқытылатын пәндер ғана латын әліпбиінде оқытылатынын айтты. Ал, орыс тілі пәні кирилл әріптерімен оқытыла береді. Орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен ағылшын пәндерінен өзге сабақтар үшін кирилл әліпбиі сақталады.