2018 жылы жаңа сипаттағы әлеуметтік көмектер енгізіледі

Бүгін «Әлеуметтік аударымдар – еңбекпен қамтылған халықтың сенімді әлеуметтік төлемақысы» республикалық семинары өтті.

«Қазіргі уақытта көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру аяқталып, әлеуметтік сақтандыру жүйесі аяғына нық тұрды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайтуда 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіліп, әрі қарайғы жаңғырту жоспарлары ертеңгі Әлеуметтік қызметкерлер форумында талқыланатын «Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту» тұжырымдамасында көрініс табатын болады. Бүгін семинар аясында біз қауіпсіз еңбек жағдайы, демографиялық ахуал сынды жайттарды арқау еткен әлеуметтік сақтандыру жүйесін өркендету мәселелерін қарастырмақ ниеттеміз. Негізгі межелі міндет – кіріс көздерін қамтамасыз етуге лайықты жауап беретін халықты әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандырудың тиімді үлгісін қалыптастыру», – деді Еңбек және халықты әлеуметті қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Жиынға халықаралық әлеуметтік сақтандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски қатысты.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығы әлеуметтік жүйені дамыту стратегиясын қалыптастыру кезінде өзге елдердің тәжірибесін ескеруге тырысуда. Мұндай қазіргі заманғы және озық көзқарасты үнемі қолдау керектігін түсінеміз. Себебі әлеуметтік қорғау саласы қыр-сыры күрделі өте нәзік жүйе екені белгілі. Халықпен етене қарым-қатынас барысында туындайтын тәуекелдерді жете байыптауда мойнымызға зор жауапкершілік жүктеледі. Білетінім, бүгінде Қазақстанда қоғамдық сананы сергітуді қосқанда барлық өмір тармағын жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Біздің ғасырда ондай батыл шараларсыз мүмкін емес екені аян», – деді ол.

Айта кетейік, шараны Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы ұйымдастырды. Оның құрамына 150-ден астам ел кіреді.