Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы неге әр түрлі?

Коммунистердің айтуына қарағанда бір дәрінің бағасы әртүрлі дәріханаларда 10 есеге дейін өзгеше болады екен. Мысалы, «Флуканозол» препаратының 150 граммдық капсуласының бағасы әртүрлі дәріханаларда 250 теңгеден 2000 теңгеге дейін секіретін көрінеді.  «Битоптик» деп аталатын көз тамшылары 1250 теңгеден 1970, «Кондекор» 1750 теңгеден 2200 теңгеге дейін айналып тұрады екен. Ал осы аптекалардың бәрінің дистрибьютері (таратушысы) бір, ол – «СК Фармация» ЖШС, дей келіп коммунистер бағаның неге соншалықты әртүрлі болатынына таң қалады. Бұл халықтың қалтасына түсудің нағыз өрескел жолы ғой, осыларды тыюымыз керек. Әрине, біз дәріхана ғимараттарының жалға алу құны, көліктік және т.б. шығындары әртүрлі екенін білеміз, бірақ соның өзінде бір Астана қаласында 20-30 пайыз емес, 200-300 пайыз айырмашылық болуы – «әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқтың» кері емес пе? – дейді депутаттар.

Коммунист депутаттар Т.Сыздықов, В.Косарев, А.Қоңыров және т.б. қол қойған осы сауалда халық қалаулылары министрдің есіне Президенттің дәрі-дәрмек бағасының халыққа қолжетімді болуын талап еткенін есіне сала келіп, осы мәселені қадағалауды қатты талап еткен. Сонымен қатар олар тегін дәрі-дәрмектер алудың да қиындығына назар аударады, оларды алуға тиісті қарт адамдар сағаттап кезекке тұруға мәжбүр, дейді депутаттар.

Сауал дұрыс жасалған, бірақ соны министр шеше алар ма екен, оны енді алдағы күндерде білетін боламыз.

Ә.Тайжан, сарапшы