Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы арзандайды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің маманы Арнұр Нұртаевтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 10 мың дәріхана, сегіз мың атаулы дәрі-дәрмек түрлері тіркеліп, іс жүзінде дәрі-дәрмек қажеттілігі біршама шешілген. Осыған байланысты дәрі-дәрмектің өндірушілері өздері қалаған бағаны орнатып жатыр.

«Мысалы, дәріханалар өздерінің кіріс көлемін еш бақылаусыз, еш шектеусіз орнату құқығына ие. Кейбір дәріханалар нарықтық қатынастарға қарамастан, кей жағдайда 200, және 300% көлемдегі үстеме баға қосады. Қазақстан Еуропадан алшақ орналасқан, логистикалық байланыс қымбат, дейді. Алайда, Еуропадан орналасу қашықтығы Қазақстанмен сәйкес келетін мемлекеттерде баға көлемі арзан болып келеді»,- деді Арнұр Нұртаев.

Маманның таратқан мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі дәрі-дәрмектердің бағасы Шығыс Еуропа және ЕАЭО елдерімен салыстырғанда әлдеқайда қымбат екен.

«Түркия сияқты кей мемлекеттерде баға қатты бақылауға алынып, мүлде төмен болып кеткен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармакомпаниялар Түркияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден мүлде бас тартқан»,- деді өз кезегінде Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова.

Фармация комитеті осыны ескере отырып, республикадағы дәрі-дәрмек бағасын реттеу бойынша заң жобасын дайындаған.  Жобаны мемлекеттік органдар қарастырып жатыр. Жуырда премьер-министрдің, ҚР үкіметінің кеңсесіне ұсынылады.