ЭКСПО: Халықаралық павильондар 15 желтоқсанға дейін демонтаждалады

Көрме қатысушылары павильондардағы экспонаттарын шығарып, ішкі құрылыс құрылымдарын бөлшектеп, қоқыстарды шығарып, кеңістіктерді ұйымдастырушыларға қайтарар алдында жөндеуден өткізуі керек.

Демонтаж жұмыстары ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады. Жөндеу жұмыстары бойынша бақылауды архитектуралық-техникалық департамент пен халықаралық қатысушылармен жұмыс бойынша департамент жүргізеді.

Айта кетейік, орталық павильон — «Нұр Әлем» сферасы — музей ретінде жұмыс істейді. Бұл – диаметрі 80 метр шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат. Павильонда «Болашақтың энергиясы музейі» орналасқан, онда көрме кезінде Қазақстанмен танысу аймағы болады, сондай-ақ энергияның негізгі түрлері ұсынылды.

Естеріңізге сала кетсек, 10 қыркүйекте 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысқан «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аяқталды. Жабылу салтанатындағы мультимедиялық шоуда «жасыл» технологиялар мен көрмеге қойылған ең үздік жаңалықтар көрсетілді. Қонақтар ең үздік заманауи жетістіктер үйреншікті болып кеткен болашақ өмірді көру мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне жалпы келген қонақтың саны 3 997 545 адамды құрады. Ал алдын ала жасалған болжам бойынша, 2 миллион қонақ келеді деп күтілген.