ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанатынан фоторепортаж

ЭКСПО көрмесі елімізде 10 маусым мен 10 қыркүйек күндері «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтті. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Бұл әлемдегі барлық мемлекеттердің 90 процентін құрайды. Көрмеге жалпы саны 4 миллионға жуық адам келген. Олардың басым бөлігі — жастар мен жасөспірімдер.

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

Көрме барысында қазақстандық туроператорларға деген сұраныс артқан. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жабылу салтанатында айтты.

«Қазақстанның туристік саласында өсу байқалды. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс екі есеге артты. Астанадағы кәсіпкерлердің саны 10 процентке өсті. Қызмет көрсету саласынан бюджетке түскен салықтың көлемі 1,2 есеге артты»,- деді мемлекет басшысы.

Елбасының сөзіне сүйенсек, көрме Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатып, қызығушылығын арттырған. National Geographic Traveler журналының жазуынша, Астана қаласы болашақтың қаласы аталымына ие болды.

Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанатында

«Көрменің аяқталуы басқа да жаңа жобалардың басталуына себеп болады. ЭКСПО алаңы «Астана» қаржы орталығына айналмақ. Ол халықаралық қаржы жүйесінен ойып тұрып орын алатын қаржылық хаб атануы керек. Ал Халықаралық технология мен инвестициялық даму орталығы «жасыл» технологиялардың дамуына өз үлесін қоспақ. IT-стартаптардың халықаралық технопаркі IT-кәсіпкерлікті дамытып, оларға бүкіл әлемнен демеуші тартатын алаң болады. Осылайша, ЭКСПО алаңы ары қарай да қызметін жалғастыра береді»,- деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

Елбасы сөз арасында «Астана ЭКСПО — 2017» көрмесінің ғылым, бизнес, қоғам арасындағы байланысты арттырғанын атап өтті.

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

«Көрме арқылы барлық мемлекет «жасыл» энергияны өндіру идеяларымен, технологияларымен бөлісті. Біріншіден, ЭКСПО ғаламшарымыздағы барлық техникалық және интеллектуалдық мүмкіндіктерді паш етуге септігін тигізді. Мұнда энергия өндіруге арналған 140-қа жуық ғылыми өнертабыстар жұрт назарына ұсынылды. Қазақстандық ғалымдарымыздың көрмеге қойылған жобалары әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырды. Осы арқылы жастарға ғылымның мүмкіндігін көрсеттік. Екіншіден, ЭКСПО алаңында заманауи энергетика саясаты туралы жаһандық диалог ұйымдастырылды. Онда энергияның баламалы көздері мен энергияны үнемдеу мәселелері талқыланды. Үшіншіден, ЭКСПО энергия мен экология саласындағы өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастырып, нақты шешімдерді қабылдауға септігін тигізді. Төртіншіден, ЭКСПО көрмесін өткізу еліміздің «жасыл» технологияларды дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Жалпы алғанда, біздің көрме жаһандық дамуға айтарлықтай үлес қосқанына сенімдімін»,- деді мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, «Нұр-Әлем» ұлттық павильоны мен көрме тақырыбына сай жабдықталған өзге де павильондар ЭКСПО мұрасы ретінде сақталып, ел қонақтары үшін музей ретінде қызмет ететін болады. "Нұр-Әлем"

«Астана ЭКСПО — 2017» көрмесінің жабылу салтанатына Әзербайжан, Түркия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері мен Вэнесуэланың президенттері қатысты. Вэнесуэла елінің президенті Николас Мадуро елімізге бірінші рет келді. ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

Саланатты жабылу салтанаты аяқталған соң қала тұрғындары мен қонақтары отшашуды тамашалады.

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рапиль Жолшыбаев 2011 жылдың 10 маусымында Париждегі Халықаралық көрме бюросының штаб-пәтерінде оның бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесіп, көрмені Қазақстанда өткізу туралы ресми өтінішті тапсырған еді.

Құпия дауыс берудің нәтижесінде еліміз ең көп дауыс жинап, көрмені өткізу мүмкіндігін алды. Ол кезде Астана қаласына 161 адамның 103-і дауыс берген еді.

ЭКСПО көрмесінің аумағындағы халықаралық павильондардың демонтаждау жұмыстары 2017 жылдың 11 қыркүйегі мен 15 желтоқсан аралығында өтеді деп жоспарланған.