Қазақстан қай мемлекетке не экспорттайды?

Қазақстан Израиль, Кувейт мемлекеттеріне қой етін жеткізу және Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуро Одақ елдеріне құрғақ бие сүтін, Қытай нарығына сиыр, шошқа еттерін, сүт, құс өнімдерін экспорттау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізбек.

Министрдің айтуынша, интеграциялық процестер жағдайында Қазақстанға бәсекелестікке қол жеткізу үшін халықаралық озық тәжірибенің трансферті қажет. Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және ауыл шаруашылығы саласында өзара тиімді негізде бірлескен өндіріс құру Қазақстан үшін маңызды болып отыр.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мемлекеттік реттеу мен инвесторларды қолдау бағытында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Елімізге тартылған инвестицияларға қолайлы жағдай жасау бойынша ТМД елдері арасында көшбасшылардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда ҚХР компанияларымен астықты, майлы дақылдарды, өсімдік майын экспорттау үшін келісім шартқа қол қойылса, Араб Әмірлігі мен Иранға жасымық тасу үшін компаниялармен келісімге қол қою қайта өңделуде, ал, Ресей, Израиль, Гонконг елдерінің компанияларымен күнбағыс тұқымын, қатты бидай, ұн, ноқат, бұршақ, қой етін тасымалдау үшін келісөздер жүргізілуде», — деп мәлімдеген министр Асқар Мырзахметов Қазақстанға инвестиция құя отырып Қытай, Ресей және ЕЫЭҰ елдері нарығына шығуға мүмкіндік барын тілге тиек етті.

Сонымен бірге, Қытай нарығына сиыр, шошқа еттерін, сүт, құс өнімдерін, тірі жануарлар, соның ішінде жылқыларды шығару жоспарлануда. Ал, парсы шығанағы елдері бойынша келіссөздер аяқталуға жақын.

Бүгін Астанада ҚР Ауыл шаруашлығы министрлігі «КазАгро» Ұлттық холдингімен бірлесе отырып «AgroInvest Forum 2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумы өтуде. Бұл шараға әлемнің 18 елінен шамамен 200-ден астам қатысушы, соның ішінде ірі шетелдік инвестициялық қорлар мен қаржы ұйымдарының шамамен 40 өкілі бар. Осы форум аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын экономикалық әртараптандыру тұрғысында бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылмақ.

ДереккөзBaq.kz