Ерлан Каналимов: Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Аумалы-төкпелі тарих толқынында жер жүзін жайлаған талай мемлекеттер құрдымға кетіп, өткеннің еншісінде қалғанын жақсы білеміз. Бүгінде ел боламын деген қауым әлемдік мәдениетті, адамзаттың озық жетістіктерін игеруге ұлттық сана иммунитетімен жол табады. Арнольд Тойнбише айтсақ «шақыру» мен оған «жауап беруден» тұратын өркениет өзгерісінде замана көшінен қалмай, уақыт талабының үдесінен шыға білген елдің ғана мерейі үстем болмақ.

Ғалымдар соңғы уақытта жаһандану үрдістерінің жаңаша қарқын алуын, ғылым мен білімнің дамуын, лаңкестік, ғаламдық жылыну, трансшекаралық сулар мен аумақтық даулар, азық-түлік қауіпсіздігі, әлемді жаулаған киберқылмыс түрлері, ұлттық құндылықтар тайталасының өріс алуын негізге алып, осынау сын-қатерлердің алдын алу қажеттігі туралы дабыл қағуда. Славян және қытай өркениетінің, ислам мен батыс өркениетінің тоғысында орналасқан Қазақ елінен бүгінгі заман талаптары нақты тәуекелдер, маңызды қадамдар күтуде. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жан-жақты баяндалған.

Мемлекет басшысының аталған жолдаумен сабақтаса жазылған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалы мақаласы Мәңгілік Ел болуды көксеген еліміздің тұғырын нығайтатын берік идеологиялық платформа. Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деді.

Бұл заманда адам капиталына жетер құндылық жоқ. Сол үшін Мемлекет басшысы жастарға, білімге инвестиция салуға ерекше көңіл бөлуде. Енді білім мен ғылымға негізделген экономиканы, пайдалы өндірісті дамытуымыз қажет.

Елбасының мақаласында жазылған негізгі бағыттарды іске асыру бойынша ел көлемінде қызу жұмыстар атқарылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама негізгі 4 кіші бағыттан тұрады.

Олар: «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны».

«Атамекен»

Елордада «Атамекен» бағыты аясында «Жергілікті бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» сынды жобалар қарастырылған. Бұл жобалар қала тұрғындары арасында ізгілік, қайырымдылық, мейірімділік сынды игі қасиеттерді сіңіруді көздейді. Атақты ұстаз әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қол ұшын созып, өзара көмектесу арқылы бақытты болатындығы туралы өсиет еткен.

Қайырымдылық халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Аталған қасиетті одан әрі жаңғыртуымыз керек. Осы мақсатта Елордадағы ірі кәсіпкерлердің басын қосқан демеушілер клубы құрылуда. Клуб құрамындағы қалталы кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаладағы маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсететін болады.

Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында үш бала-бақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «Ардагерлерді аялайық», «Туған мекен», «ASTANA ART FEST» сияқты жобалар халықты мейірімділікке үндейтін іргелі жобалар.

Астанада осы уақытқа дейін «Астана – мейірімді қала», «Smile Astana» жобалары да қалың көпшілік тарапынан қолдау тапқан болатын. Осының бәрі халықтың тұрмысын, елдің еңсесін тіктейтін шаруалар ғана емес, адамдардың мінез-құлқы мен көңіл-күйіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

«Рухани қазына»

«Рухани қазына» бағыты бойынша «Ұлттық мәдениет», «Дәстүр және құндылықтар», «Ішкі туризм», «Ел бірлігі», «Асыл ұрпақ», «Қасиетті Қазақстан», «Мәдени даму» сынды жобалар қарастырылған.

Елбасының мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген жолдар бар. Осы ретте, «Рухани қазына» бағыты бойынша «Елорда мәдениеті» атты арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша елордалық өнерпаздар мен мәдениет саласындағы шығармашылық өкілдерінің тек республика көлемінде емес, әлемдік деңгейде танылуына ұлкен жағдай жасалмақ.

Сондай-ақ, «Сакралды Астана» жобасы аясында Елорда аумағында орналасқан 20 тарихи маңызды орындардың жаңғыруына жағдай жасалмақ. Оның ішінде «Бозоқ» қалашығын реставрациялау және оны музейге айналдыру жобасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде археолог ғалымдар Астана тарихының «Бозоқ» қалашығынан бастау алатынын дәлелдеді. «Бозоқ» қалашығы орта ғасырларда Дешті Қыпшақтың стратегиялық маңызды орталығы болған. Бұл Елорда тарихынының мыңжылдықтарға тартатынының дәлелі. Кез келген мемлекеттің тамыры тереңге тартқан сайын, оның рухани өзегі де кемел болмақ.

Алдағы уақытта Астанада «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» монументі ашылады деп күтілуде. Бұл көпэтносты халқымыздың өткен өмірінен сыр шертеді. Қиын-қыстау сәттерде Қазақстанға депортацияланған көптеген ұлттарға жергілікті қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, ерекше қамқорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Мұны барлық азаматтар білуі тиіс. Бұл ішкі татулығымыз бен бірлігімізді нығайтатын идеологиялық платформа.

«Тәрбие және білім»

«Тәрбие және білім» бағыты аясындағы шаралар өз кезегінде негізгі 4 идея төңірегінде топтастырылады. Олар: «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Өлкетану» және «Кітап – білім бұлағы». Сондай-ақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, қазақ тілінде жүз жаңа кітап шығару мәселелері де осы бағдарлама аясында іске асатын болады.

Жастардың білім алуына, олардың өзара коммуникацияға түсуіне, ортақ мақсат пен елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіне жағдай жасалуда. «Астананың дарынды балалары» фестивалі, «Тал күні» акциясы, «Менің Отаным – Қазақстан» атты слет, «Отбасы – бақыт мекені», «Жау жүрек мың бала» жобалары, мүшәйра сынды іс-шаралар Бағдарламаның табысты іске асырылуын қамтамасыз етеді.

«Ақпарат толқыны»

«Ақпарат толқыны» бойынша атқарылып жатқан барлық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланатын болады.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінен үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік сапалық және сандық индикаторлары бар.

Бірінші кезең – 2017-2020 жылдар аралығын қамтиды. Барлық қоғамдық, саяси, іскерлік, әлеуметтік институттары аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдырылады. Бағдарламаны іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық база қалыптастырылады. Жұмыстар қарқынды жүргізілетін кезеңі.

Екінші кезең – 2021-2025 жылдар аралығы. Бұл кезеңде негізгі жобалар аяқталады. Орташа мақсатты индикаторларға қол жеткізіледі. Бірінші кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай оң өзгерістер орын алады.

Үшінші кезең – 2026-2030 жылдарды құрайды. Бұл кезеңде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» жобалары толық жүзеге асырылатын болады.

Қорытындылай келгенде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы руханиятымызды жаңғырту жолында атқарылуы тиіс дүниелер тізбегін нақты белгілеп берді. Мақсат айқын, құлшыныс зор.

Өткенге ретроспективті көзбен қарайтын болсақ, дүние ойшылдарының көпшілігі кемел адам, кіршіксіз қоғам болудың кілтін іздеген. Біздіңше, данышпан Абай өсиет еткендей өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен бекер мал шашпақтық секілді жаман әдеттен арылып, асық болуға шақырған талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымға ұмтылуымыз керек. Оған Елбасы мақаласында жазылған сана ашықтығы, прагматизм, ұлттық кодты сақтау сынды құндылықтарды қосуға болады.

Сондықтан барша оқырмандарды барынша сергек болуға, ел игілігі жолында жұмыла еңбек етуге шақырамын.

Ерлан Каналимов

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы