Астанада үстел тенисінен ITTF World Tour -2017 финалдық кездесуі өтеді

Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) Seamaster 2017 ITTF World Tour турнирінің финалдық бәсекесі Қазақстанда өтеді.

Федерацияның қаулысына сәйкес, үстел тенисінен 2017 жылғы әлемдік турдың ақтық бәсекесі желтоқсанның 14-17 күндер аралығында өтетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын байрақты бәсекеге қатысатын спортшылар осы жылы әлемнің 12 елінде өткізілген жарыстардың қортындысы бойынша сараланады. Яғни, ер-әйел жекелей сынында ұпай саны алдыңғы 16 спортшы, ер-әйел жұптық сынында ұпай саны бойынша алдыңғы 8 жұп өнер көрсетуге мұмкіндік алады. Ережеге сәйкес, бәсекені өткізуші елден 1 спортшының ақтық сынға тікелей қатысуға мүмкіндігі бар.

«Бұл бәсеке Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде алғашқы рет өткізіліп отыр. Соңғы уақытта Қазақстан осы спорт түрін дамытуға күш салып, Кирилл Герасименко сияқты жас таланттар жарыққа шықты. Біз осы мұмкіндікті бере отырып, Қазақстанда үстел тенисі спортының одан ары дамуына тілектеспіз»,- дейді ITTF атқарушы директоры Стив Дентонн.

Еске сала кетейік, Кирилл Герасименко 2016 жылғы Рио Олимпиадасында ел намысын қорғаған еді. Сондай-ақ, ол 2017 жылы 19 қаңтар Будапешт қаласында осы маусымдағы бірінші әлемдік турда жеңімпаз атанып, Қазақстан тарихында алғаш рет үстел теннисінен ITTF World Tour жеңімпазы атанған болатын.

Айта кетерлігі, 2017 ITTF World Tour келесі кезеңі Болгарияның Панагюриште қаласында өтеді.