Алматы қаласының бюджет бөлінісі нақтыланды

Республикалық бюджетке 7 айдың ішінде 705,3 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54,9 млрд. теңгеге көп.

Қаржы қандай салаларға бөлінді?

Білім саласындағы негізгі проблемалардың бірі сыныптардың толымдылығы. Сондықтан №198 мектеп жанынан қосалқы обьект салу үшін 28,4 млн теңге бөлінді. №138 гимназия жанынан 600 орынды нысан салу үшін 5 млн теңге бөлінді әрі ЖСҚ жасалып жатыр. Алматыдағы №2 гуманитарлық-педагогикалық колледжде 500 оқушыға арналған қосалқы нысан салу үшін 4,8 млн теңге бөлінді және ЖСҚ дайындалуда.

Балалардың қауіпсіздігі үшін оқу орындарының сейсмикалық қуатын арттыруға жіті назар аударылуда. Тілі мүкіс балалар сабақ алатын №9 мектеп-интернаттың сейсмикалық қауіпсіздігін нығайту және ЖСҚ дайындау үшін 8,5 млн. теңге бөлінеді. Биыл 42 білім ошағының құрылысы мен сейсмикалық қауіпсіздігін жүзеге асыру қарастырылған. Бұлардың 29 объектісі биыл іске қосылады.

Қала мектептерінің оқу құралдарын алу үшін 528,2 млн. теңге бөлу жоспарланған. Жеке бала бақшаларда балдырғандар санының артуы барысында мемлекеттік білім тапсырысы үшін 123 млн. теңге бөлінеді. Бұқаралық кәсіпкерлік аясында жастар практикасына қатысатын 1,5 мың адамға 166,7 млн. теңге жоспарланған.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қамқорлыққа алушылар қатарының 1130 дейін жетуіне орай, азық-түлік өнімдерін алу үшін 51,1 млн теңге, дәрі-дәрмек үшін 17,1 млн теңге бөлу қарастырылған. Әлеуметтік қолдау және оны тұтынушылар санының артуына байланысты 43,8 млн теңгеге 144 кресло-арбалар, 3,8 млн теңгеге 57 есту аппараттары алынып, 14,4млн. теңгенің Инватакси қызметі ұсынылады.

Медициналық қызмет сапасын арттыруға айрықша назар аударылады, осыған орай бұл салаға қосымша 1,2 млрд. теңге бөлінеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға жете мән беріледі. 83 медициналық жабдық пен патологоанатомиялық бюроға 1 жүк лифтін алу үшін 893,1 млн. теңге бөлінеді. Денсаулық сақтау нысандарының сейсмикалық қуаттылығын арттыруға және 3 нысандағы жұмысты аяқтауға 22,9 млн. теңге жұмсалады. Биыл 18 денсаулық сақтау нысаны салынуда әрі жөнделуде, олардың 10 объектісі жыл аяғына дейін іске қосылады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметті жақсартуға 3,8 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі кезде жылу жүйелерін, су құбырларын жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Қалаға қосылған елді мекендерді жарықпен қамтамасыз етуді жақсарту және қаланың Оңтүстік- Батыс бөлігіндегі 153 га жерге орналасқан аумақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2,8 млрд. теңге қарастырылған. Қалаға қосылған елді мекендерде электр желісін салу үшін ЖСҚ дайындауға 6 млн. теңге бөлінеді.

«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 3,4 км инженерлік инфрақұрылым, су құбырлары жөнделеді, кәріздер жасалады. Достық ықшам ауданында осындай ауқымды жұмыстарды жүргізу үшін 130,4 млн теңге, Қалкаман-1,4 ықшам ауданына 53,3 млн. теңге бөлінеді, арнайы медқамтамасыз етудің қойма базасының қазандығын салуға 30 млн. теңге қарастырылған.

ТҮКШ модернизациялау бағдарламасы аясында 58 үй кешенді жөнделеді, 43 үйдің шатырын жөндеуге 745 млн. теңге бөлінеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Саялы-2» көпқабатты үй үшін инженерлік желілер салуға 104 млн.теңге бөлінеді.

Қаланы абаттандыруға 593,4 млн. теңге жұмсалады. Арық желілерін жақсартуға баса назар аударылады. 5,9 км арық желісі мен жауынды канализация құрылысына 243,8 млн. теңге қарастырылған. «АЖК» АҚ сыртқы жарық көздерін қамтамасыз етуге 100 млн. теңге бөлінеді.Қаланың магистральді көшелеріндегі 5 жер асты өтпелі жолдар жөнделеді.

Биыл бюджетті нақтылау барысында 43,2 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлылық жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Биыл жол айрықтарын, құрылыс нысандарын, Универсиада обьектілерін, әлеуметтік нысандарды салу мен ашу шараларын оңтайландыру, түрі құрылыс жұмыстарына МЖӘ кеңінен тарту, мемлекеттік сатып алу шараларын үнемдеу барысында түскен қаржы қала экономикасын арттыруға жұмсалды.

2017 жылдың тамыз айының соңына дейін мемлекеттік табыстар басқармасының, сот, прокуратура, Қазпошта, банк, зейнетақы төлеу орталығы, тәулігіне мың адамға қызмет көрсететін ХҚКО-ның ғимараты пайдалануға беріледі. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 1,5 мың пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Биылғы жылдың қыркүйек айында 4967 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Фото: Ашық дереккөзден