«Қазақфильм» балалар арасында байқау өткізеді

Биыл қазақ анимациясына 50 жыл толып отыр. Байқау атаулы дата аясында әрі отандық мультипликацияны насихаттау үшін ұйымдастырылып отыр. Байқаудың қосалқы ұйымдастырушылары — «Жас өркен» серіктестігі және «Ұлан», «Дружные ребята», «Балдырған» мен «Ақ желкен» балалар басылымы.

Жас суретшілер арасындағы жарыс «Менің сүйікті қазақ мультфильмім» және «Ойдан шығарылған кейіпкер» атты екі номинация бойынша өткізіледі. Бірінші номинацияға қатысатын жұмыстар сурет немесе комикс түрінде ұсынылуы тиіс. Ал екіншісінде қазақ ұлттық туындыларына негізделіп салынған, ойдан шығарылған кейіпкерлердің суреттері қабылданады.

Байқауға мектеп жасындағы балалар қатыса алады. Жұмыстарды 2017 жылдың 15 қазанына дейін ұсынуға болады. Қазылар алқасы үздік үш суретті анықтайды. Басты сыйлық – планшеттер.

Байқау жеңімпаздарының есімдері және олардың жұмыстары 24 қазан күні «Ұлан» газетіне жарияланады. Ал үздік суреттер «Ақ желкен», «Балдырған», «Ұлан» және «Дружные ребята» басылымдарына шығарылады.

Қатысушылар жұмыстары мен өздері туралы толық мәліметті «Ұлан» газетінің редакциясына [email protected] электронды мекен-жайына жолдаулары тиіс.

ДереккөзBrod.kz