«Ну, погоди!» мультфильмін неліктен тек түнде көрсетуге рұқсат берді?

Жобаның басты кейіпкерлері — Қасқыр мен Қоян. Бірінің қуып, бірінің қашып жүргеніне аз уақыт болмады. Мультфильм тарихы сонау 1969 жылдан басталады. Содан бері әрдайым жоспары сәтсіз аяқталатын қасқырдың қоянды жеп, қарнын қампайту арманы іске аспай келеді. Туынды осынысымен де қызық. Дегенмен, қасқыр орыс ертегілеріндегі басқа қасқырлармен салыстырғанда, юморға жақын кейіпкер ретінде сомдалады. Ал қоян кеңестік замандағы тәртіпті оқушының келбетін көрсетеді. Ол салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады, шығармашылықпен айналасады. Қоян қасқырдың әрекеттерін тек көше бұзақысының қылықтары ретінде қабылдайды.

«Ну, погоди!» жайлы, оның ерекшеліктерін санамалап айтудың өзі артық болар. Дегенмен, бұл туындыны көрсетуге Ресей Федерациясында тыйым салынғалы біраз жылдар өтті.

Неліктен мультикке тыйым салды?

Ресейде 2012 жылы 1 қыркүйекте “Балаларды денсаулығына және өсіп-жетілуіне зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы” заң шықты. Осы заңға сәйкес қауіпті ақпараттар тізіміне «Ну, погоди!» мультфильмі  де енді. Тек бұл мультфильм емес, «Қолтырауын Гена мен Чебурашка» да осы тізімнен табылды.

«Ну, погоди!» мультфильмінде заңға қайшы әрекеттер бар көрінеді. Кейіпкер қасқыр бейморальді әрекеттерге әуес деп танылған: ол әйел адамдарды құрметтемейді, балалармен өзін дөрекі ұстайды, сондай-ақ әрдайым шылым шегіп жүреді. Мультфильм жоғарыда аталған заң бойынша тек +18 жастағы көрермендерге көрсетуге рұқсат етілген, сондықтан оны теледидарлардан тек түнде көрсетуге болады.

Заң жобасы 2010 жылы жасалып, келер жылы сол кездегі президент Дмитрий Медведевтің қол қоюымен жүзеге асқан.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай психологтар балалар үшін ең қауіпті мультфильмдердің тізімін жасады. Олардың қатарында «Маша мен аю», «Монстр Хай», «Губка Боб», «Том мен Джери» мультфильмдері бар. Мамандар ата-аналарға балалары көретін мультфильмдерге назар аударып, егер ол жағымсыз болса, көрсетпеген дұрыс деген кеңес береді.