Қазақстандық оқушылар Крэнфилд университетіне оқуға жіберілді

Алғаш рет Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Назарбаев университеті және «Эйр Астана» компанияларының бастамасымен қазақстандық оқушылар Ұлыбританияға оқуға жіберілді.

Қазақстанның барлық аймағынан бас қосқан 36 оқушы 10 күн аэроғарыштық технологиялар бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның ең әйгілі Крендфилд университетінде арнайы курстарға қатысып, аэроғарыштық технологияларды зерттеуге арналған шараларға куә болады.

©Baribar.kz

Курс бағдарламасы авиациялық ғылымдар мен технологиялар бойынша бағдарлама басшысы Гай Грэттонның, аэродинамика және борттық өлшемдер бойынша бағдарлама профессоры Ник Лоусонның және тағы басқа авиациялық индустриядағы әйгілі дәріскерлер мен кәсіпқойлардың дәрістерін қамтиды.

©Baribar.kz

Сонымен қатар, топ аэродинамикалық құбырда ұшып көреді және Boeing 737-400 әуе кемесі мен әлемдегі ең ірі дирижабль немесе Ұлттық ұшатын зертхана орталығы Airlander 10 көре алады.

©Baribar.kz

Ұлттық зияткерлік меншік институтының «халықаралық қатынастар» департаментінің басшысы Айдын Артықованың айтуынша, байқаудың мақсаты 11-сыныпқа өткен оқушылардың авиа модельдеу, аэроғарыш, ғарыш инжинерлері, ұшақты басқару саласына деген ынтасын, қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған:

— Биыл Әділет министрлігі мен Ұлттық зияткерлік меншік институтының бастамасымен маусым айында Қазақстанның барлық облыстарынан 64 бала мен 16 жетекшінің қатысуымен сайыс өтті. Бұл байқаудың өзгелерінен ерекшелігі, қазылықты Кредфилд университетінің өкілдерінің өздері жасауында және толықтай ағылшын тілінде өткендігі болды. Нәтижесінде 34 бала мен 6 жетекші үздік атанды, — деді.

Ұлыбританияға аттанар алдында оқушылар Халақаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі тиімділікті арттыруға және отын шығынын азайтуға септігін тигізетін технологияларды көрсететін «Эйр Астананың» стендін көріп шықты. Стендте студенттер компания өкілдерімен кездесті.

«Эйр Астана» АҚ Президенті Питер Фостер ©Baribar.kz

«Эйр Астана» АҚ Президенті Питер Фостер: — Әуекомпания өзінің техникалық қызметкерлерінің іріктеуімен және оқытуымен үздіксіз айналасуда. Жас таланттарға мектепте ертерек назар салсақ, тіпті жақсы. Біз әр облыстан авиациа саласына қызығушылығы бар 40 баланы сынақтан өткізіп, таңдап алдық. Енді жеңімпаз атанған балалар әлемдегі аэроғарыштық технологиялар саласында жетекші болып табылатын Крэнфилд университетіне барып, онда пайдалы тәжірибе алып, жақсы уақыт өткізеді деген сенімдеміз, — деді.

Питер Фостердің айтуынша, компания авиация мектебіне оқушыларды алғаш рет жіберіп жатыр екен. Егер бәрі сәтті өтсе, келесі жылы да бұл шараны жалғастыру жоспарларында бар.

Нұрсила Күншығарова, Астана қаласының 72 мектеп-лицейінің оқушысы: — Мен Астана қаласының құрамасынанмын. Биыл 11-сыныпқа өттім. Осы уақытқа дейін өзімнің болашақ мамандығымды таңдай алмай жүрген едім. Осы байқаудың арқасында мен өзімнің авиация саласының инжинері болғым келетінін түсіндім. Және де бұл сапар мен үшін өте жақсы бастама болғалы тұр. Мұндай байқаулар мен сияқты мамандығын таңдай алмай, бір тоқтамға келе алмай жүрген оқушыларға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан, оқушылардың белгілі бір мамандыққа қызығушылығын арттыратын байқаулар көп болып тұрса екен деймін.

Нұрлан Есқали, Тараз қаласының «Білім-инновация» лицейінің оқушысы: — Мен Жамбыл облысы Тараз қаласының «Білім-инновация» лицейінің атынан келдім. Байқау өте қызықты әрі тартысты өтті. Ерекшелігі барлық тапсырмалардың ағылшын тілінде болғандығында болды. Менің Жамбыл облысының құрамасынан осы байқауға өткендігім мен үшін үлкен сәттілік болды деп білемін. Бүгін ЭКСПО көрмесін аралап, біздің Ұлыбританияға ұшатын «Эйр Астана» компаниясының стендін көрдік. Мұнда интерактивті тақтада Батыс Еуропадан Оңтүстік Шығыс Азияға ұшатын рейсте атмосфераға көміртек шығарылуын азайту амалын табуға арналған ойын ойнадық. Құрлықтарды байланыстырып жатқан әуе компаниясының тарихымен танысып, өкілдерімен қызықты әңгіме өрбіттік. Маған бәрі өте ұнады.

Материалдың авторы: Айнұр МАРАТ

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.