Армия халықаралық ойындарында қазақстандық мергендер үздік нәтиже көрсетуде

«Мерген шебі» сайысының алғашқы кезеңдерінде отандастарымыз бәсекелестерінен асып түсті. «Ату сынағы» мен «Қорғаныстағы мерген» кезеңдерінде қатысушылар нысананы дәл көздей алу шеберлігін паш етті.

Қазақстандық құраманың айтуынша, аталған сайыстың «Мерген биатлоны» кезеңі күрделі болған екен. Себебі, онда қатысушыларға қабырға, үйінді, шұңқыр, тікенекті сымнан өтіп, кедергілерді бағындыру керек. Одан бөлек, сайыс барысында Макаров тапаншасынан, мерген винтовкасынан, гранат лақтырудан да жарыс болды.

Граната лақтыру
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Сайысқа қатысушылардың бәрі бәсекеге лайықты. Алайда, тек мықтылар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Осындай жарыстар жыл сайын ұйымдастырылып тұрса екен. Себебі, бұл — біз үшін үлкен тәжірибе алаңы. Биыл да дәл өткен жылдағы сияқты: Ресей мен Қытайдан келген құрамалар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр, бірақ біздің мергендер әрдайым үздік»,- дейді жарыстың әділ қазысы майор Дәурен Ержанов.

Армия халықаралық ойындары
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, биыл «Мерген шебі» сайысына қатысушылардың қатары кеңейді. Өзбекстан, ОАР, Тайланд, Бангладеш, Әзірбайжан елдері былтырғы жылы бұл сайыстан төбе көрсетпесе, биыл белсенді қатысып жатыр.

Армия халықаралық ойындары
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Сайыс еліміздегі «Отар» әскери базасының аумағында өтуде.