ЭКСПО көрмесі 2 миллионыншы келушісін қабылдады

ЭКСПО көрмесінің 2 миллионыншы келушісі оралдық кәсіпкер Ғайса Жұмағалиев есімді азамат атанды. Іс-сапармен Астанаға келіп, бос уақытында елімізде өтіп жатқан үлкен көрмені тамашаламақ болған қала қонағы мұндай тосын сыйды күтпеген.

  — Мен өте қуаныштымын. Кіріп келе жатқанымда менің 2 миллионыншы келуші екендігімді айтты. Өте толқып тұрмын, — деген Ғайса Жұмалиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Оралда мұнай-газ саласындағы өндірістік компанияны басқарушы жеке кәсіпкер көрмеге екінші рет келген екен. Бұл күнде егіз ұл тәрбиелеп отырған әке «ЭКСПО-2017» көрмесіне бірінші ретте отбасымен арнайы келген болса, бұл жолы кешкі билетпен «Шелл» павильонын көріп, Орал қаласының мәдениет күндерінің салтанатына концертіне қатысу ниетімен келген. Ал сәтті билетті Mega Silk way сауда орталығынан сатып алған.

— Қазақстанның азаматы ретінде мен үшін елімізде осындай үлкен көрменің өтіп жатқандығы мақтаныш. Өзім де шетелде 2 жыл оқып, 4 жыл жұмыс бабымен  тұрғанмын. Ал қазір менің елімде жүзден астам мемлекеттер өздерінің жетістіктерін көрсетіп,  біз олардан жаңа технологияларды үйреніп жатқандығымыз өте ұнайды. Әлемде біздің елді білмейтін, білсе де болып көргемендер өте көп. ЭКСПО көрмесі олардың Қазақ елін жақыннан тани түсуіне мүмкіндік жасап отыр, — деп Ғайса Жұмағалиев қуанышымен бөлісті.

Ал көрменің ерекше көрерменін құттықтауға арнайы келген «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов оған естелік сыйлықтарын табыстады.

— Бүгін ЭКСПО көрмесі үшін айтулы күн. Біз өзімізге көрменің нысандары мен халықаралық павильондарына келушілер саны 2 миллион, көрушілердің саны 5 миллион болады деген меже қойған болатынбыз. Бүгін сол 2 миллионыншы қонағымызды қарсы алып отырмыз. Күнделікті 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өздерінің жетістіктерін көрсету мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Бұл шаралардың барлығы Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын қызықтырып жатқандықтан, біз бұл күні көздегенімізге ерте жеттік. Ал ЭКСПО көрмесінің нысандары мен халықаралық павильондары бойынша айтатын болсам, көрме аяқталуына бір айдан көп уақыт қалғанда оларды көрушілердің саны 3 есеге асып, 15 миллионға жетті. Діттеген мақсатымызға алдын-ала жетуіміз Елбасымыздың ауқымды жобасы ойдағыдай іске асып жатқандығының айқын көрсеткіші, — деді Ахметжан Есімов.

ЭКСПО 2 миллионыншы келуші
©Baribar.kz

Сонымен қатар, қосымша ақпаратпен бөліскен басқарма Төрағасы: «Соңғы деректер бойынша, Астанада экономиканың барлық саласында өсім болып жатқандығын білдік. Негізінен туризм саласында тур операторларға деген сұраныс 78 пайызға өсті. Көрме қарсаңында әуе жолдары үшін «Ашық аспан» жариялаған болатынбыз. Соның нәтижесінде, рейстер 1,3 есе көбейіп, Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды елдерге жаңа бағыттар ашылып, ұшақтардың ұшу жиілігі көбейді. Күнделікті Астанаға 7 мың адам әуе жолдарымен, 16 мың адам жолаушылар көлігімен келіп жатыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мәселен, тек қана маусым айында қызметтік саладан түсетін салықтың мөлшері екі жарым есеге көбейген, — деп атап өтті.

Айта кетерлігі, көрме миллионыншы келушісін үстіміздегі жылдың 11 шілдесінде тіркеген болатын. Ол ЭКСПО көрмесіне отбасымен келген астаналық 27 жасар Гүлжиһан Жанабергенова есімді мұғалім болған. Оны да Ахметжан Есімов арнайы құттықтап, естелік сыйлықтар табыстаған болатын.

Материалдың авторы: Айнұр МАРАТ

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.