Жастар екі ауданның ортасына алтын көпір орнатты

Алдымен қонақтар Жалпақтал ауылына ат басын бұрды. Ауылдың кіре берісінен сырымдық делегацияны Жалпақтал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы М.Рахматуллин, аудандық мәдениет тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Д.Ахметов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғ.Ахметова және бір топ жергілікті жастар қарсы алды. Жалпақтал ауылдық округінің әлеуметтік нысандарымен танысқаннан кейін ауылдың мәдениет үйінде «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұртілеу Болаттың шоу-концерті өтті. Концерт аясында Сырым ауданының белсенді жастары өнер көрсетті. Кеш соңында сырымдықтар атынан топ жетекшісі, Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев Жалпақтал ауылына естелік сыйлық табыстады.

Сапар одан әрі аудан орталығы — Қазталовта жалғасты. Жас әнші  Нұртілеу мен оның ұстазы Марат Халиуллин қазақтың даңқты ұл-қыздарын дүниеге әкелген Сырым елінің әнұраны іспеттес «Қособа» әнін шырқады.

Кеш соңында сахна төріне көтерілген Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы екі ауданды бауырластырған талантты жастарға алғыс айтып, аудан әкімдігінің атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етсе, Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев пен Сырым аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Д.Тайшиев те осылай қарымта қайырды.