Мұрат Бектанов: «АрМИ-2017» ойынының мақсаты — өзге мемлекеттермен әскери дайындық тәжірибесін бөлісу

Әскери шара аясында  «Артиллериядан оқ ату шебері», «Мергендер шебі» және «ҰҰА есебінің сайысы» өтеді.

АрМИ-2017Бүгінгі таңда аталмыш сайысқа 18 мемлекет қатысуға келісім берген. Олар: Әзірбайжан, Армения, Бангладеш, Беларус, Венесуэла, Грекия, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Ресей Федерациясы, Тайланд, Тәжікстан, Өзбекстан мен  Оңтүстік Африка.

«Бұл ойынның негізгі мақсаты — өзге елдермен халықаралық ынтымақтастықта болу арқылы әскери дайындық тәжірибесімен бөлісу. Біз әрбір қатысушы  өз кәсіби мүмкіндіктерін, жауынгерлік тәсілдерін көрсетуге барлық жағдай жасадық», — деді ҚР-ның Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мұрат Бектанов.

Ойын барысындағы «Артиллериядан оқ ату шебері» сайысында әрбір мемлекет құрамынан 21 адам қатысады. Ал «Мергендер шебі» сайысына 11 адамнан қатысса жеткілікті болады. Үшінші сайыс «ҰҰА есебіне» әр командадан 10 адам қатысуы керек. Әрбір команда электроптикалық құрал және ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталған күрделі ДПЛА әуе кемесімен (қысқа ауқымды) қамтамасыз етілетін болады.

АрМИ-2017

Қазақстан биылғы жылы АрМИ-2017 ойындарының қатысушыларын екінші рет қабылдайтынын айтып өткен жөн. Команда қатысушылары үшін барлық жағдай, яғни, жатын орыннан тамақтану ретіне дейін бәрі қарастырылған.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ресми сайты ойындардың өту барысын тікелей эфирден көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстан Қарулы Күштерінің ұлттық құрамасы өткен жылы Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 елінен қатысқан 120 әскери командалар арасында екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Ресей, үшінші орынды Қытай мемлекеті алған еді.