Жастар жат ағымнан қалай сақтануы керек? (сауалнама)

Соңғы кездері "жат ағымның жетегінде кетті" деген таныс, дос, алыс-жақын жайлы аз естімейміз. Соның салдарынан "мешітке барамын", "намаз оқимын" деген балаға ата-анасы, бауырлары бір-бірі үшін уайымдайтын қоғам қалыптасып келеді. Ал жастардың өзі теріс бағыттағы жат діни ағымдардан қалай сақтану керек деп ойлайды? Көпшілік пікірін біліп қайтқан едік.

©Baribar.kz

Ерболсын Асхатұлы: Мен жұма намазына барып тұрамын. «Не үшін барасың? Оның іші толған басқа ағымдағылар,»- дейді кей таныстарым. Мешітке барып жамағатпен намаз оқып, қайтып кетемін. Жалғыз емес, әкем екеуміз бірге барамыз. Жастардың жат ағымға ілесіп кетпеуі үшін, тек тәрбие ғана жеткіліксіз деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ата-аналардың бақылауы өте қажет. 9-сыныпты, 11-сыныпты енді бітіріп, оқуға үлкен қалаға келетін жастар бар. Олардың дін туралы, ақ пен қараны ажыратуға білімі, өмірілік тәжірибесі аз болуы мүмкін. Ал ата-ана жырақтан оны телефонмен бақылай алмайды. Сол себепті оның ортасын таңдар кезде, ата-анасы мұқият болуы керек деп ойлаймын. Араласатын достарына, бос уақытында немен айналысатынына мән беруі қажет сияқты. Бақылау тек ата-ана тарапынан емес, ағаның қарындастарына, әпкенің інісіне деген жанашырлығы осы кезде көрінуі қажет деп ойлаймын.

©Baribar.kz

Бағдат Сайранбай: «Ақтөбеде террористер бар», «мешітке бару бұрынғыдай қауіпсіз емес» деп жатады. Мұндай сөздер мені қатты алаңдатпайды. Мен танитын намазхандардың барлығы — бейбіт адамдар. Ата-анамнан да мен үшін шамадан тыс уайымдағанын байқамаймын. Бірақ қымтанып киінген, шолақ балақты адамдармен араласудан бас тартамын. 

©Baribar.kz

Сұлтан Амантай: Таныстарымның арасында сәлафизм бағытындағылар бар. Бұл бағыттың дұрыс емес екендігін түсінеді, басқаларға зияны да жоқ. Кейде «неге сәлафизмді таңдады?» деген сұрақтарына біз түгілі, өздері де нақты жауап таба алмайтындай көрінеді. Олармен араласпай кетуің де мүмкін емес. Өйткені ортамыз — бір. Егер сіз де дәл осындай жағдай болса, басқа бағыттағы адаммен тым жақын араласудан әрдайым сақтанып жүріңіз деп айтар едім.

©Baribar.kz

Айтолқын Шалқарқызы: «Мешітке барамыз десек», жақындарымыздың тіксініп қалатыны өтірік емес. Ал менің хиджаб киетінтердің барлығы бірдей емес екендігіне көзім жетеді. Себебі хиджабтағы достарым бар. Намазды Ханафи мазхабында оқиды. Сөздері, істері адамға ұнамды. Баласының жат ағымға ілесіп кетуінен қорқып, мешітке барудан, хиджаб киетіндермен араластырудан тыйған ата-аналар болашақта дінсіз қоғамды тәрбиелеуі мүмкін. Меніңше, мұндай бағыттан сақтанудың бірінші амалы — оларды тани білу. Қазіргі уақытта әр азаматтың дін туралы, Ханафи мазхабы туралы білімі болуы міндет болып кетті. 

©Baribar.kz

Заманбек Хамит: Намаз оқимын. Ата-анама намазға ниетім жайлы айтқанымда, «ойланайық» деді. Бірақ көп ұзамай, рұқсаттарын берді. Туыстарым, жақындарым намаз оқитынымды жақсы қабылдайды. Кей намазхан достарымның айтуынша, олар дұрыс жолда жүрсе де, жақындары күмәнмен қарайды екен. «Менің жағдайымның мұндай болуы — жат ағымға түсіп кетпейтіндігіме сенгендіктентерінен» деп ойлаймын. Жаман жолға түсіп кетпеу адамның тәрбиесіне байланысты. Тек жастарды ғана кінәлау дұрыс емес. Егер баласының теріс ағымға түсіп кетпегендігін қаласа, қазіргі ата-аналардың да діни білімі болу керек. Білімді мешіттен, имамдардан ғана алуды құптаймын. 

©Baribar.kz

Балнұр Хамзабекқызы: Мен тұратын аймақтағы мешітке күмәнді адамдар көп барады. Мұндай құбылыс көбінесе ұлдар тарапынан байқалады екен. Бұл туралы ағам айтады. Ханафи мазхабы бойынша намаз оқитындар аз көрінеді. Қадір түні, Айт мерекелерінде мешітке баруды құп көремін. Бірақ жат ағымға кіріп кетуден өз басым қорықпаймын. Олардан алшақ болу адамның ішкі сеніміне, иманына байланысты екендігіне сенемін. Кейде есік қағып миссионерлер де келеді. Егер миссионер екенін байқасаңыз, олармен сөйлесуге ыңғай танытпаңыз. Әсіресе көңіліңіз құлазып жүргенде, бейтаныс адамдармен сөйлеспеуге тырысу керек. Дінтану пәнінен берген ұстазымның, аға-апаларымның бізге айтатын кеңесі — осы.

©Baribar.kz

Айбар Әбікен: Достарымның арасында намаз бастауына ата-анасы қарсылық білдіретіндер бар. Ислам сөзі араб тілінен аударғанда, «достық», «мейірімділік» деген мағынаны береді екен. Жат ағымдар өздерінің теріс әрекеттерімен ислам дініне кір келтіріп, осылайша мұсылмандарға зиянын алып келді. Мен де намаз бастаймын дегенімде, ата-анам көп ойланды. Әсіресе анам қатты уайымдады. Дегенмен, екеуі де намаз оқуыма рұқсаттарын берді. «Бастаған соң, намазыңа жауапкершілікпен қара» деп әкем кеңесін айтты. Мешіттегі имамнан естіген мынадай хадис есімде бар: «Бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) келіп: «Уақыт өте келе, жат ағымдар пайда болып, ақ пен қараны ажырату қиын болған кезде, тура жолды қалай ұстанамыз?» дегенде, Пайғамбар (с.ғ.с): «Көпшілік қандай жолды ұстанса, имам қандай жолды ұстанса, сол жолмен жүру керек» деген екен. «Патшаға бағыну керек» деген насихат та бар. Бұл сөздің жаны бар.

Қорыта айтқанда, біздің сауалымызға жауап берген жастардың көпшілігі жат діни ағымдардан сақтанудың бірінші шарты «теріс ағымдарды ажырата білу білімін меңгеру қажет» деп есептейді. Редакция таңдауы бойынша, жастардың мына кеңестеріне құлақ асқан жөн:

  • «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы»  республикалық ислами діни бірлестігі құптаған Әбу Ханифа мазхабы туралы мешіттерден, имамнан танып-білу керек;
  • Ата-ана баласының араласатын ортасын бірге әрі мұқият таңдауы қажет.
  • Егер таныстарыңыздың арасында жат ағымдағыларды байқасаңыз, олармен жақын араласудан сақтаныңыз.
  • Үйіңіздің есігін қаққан миссионер екенін байқасаңыз, олармен сөйлесуге ыңғай танытпаңыз. Әсіресе көңіліңіз құлазып жүргенде, бейтаныс адамдармен сөйлеспеуге тырысу керек.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.