NB-ден алғысөз. Спорт, жүгіру іскер адамдардың арасында кең таралған. Біріншіден бұл адамды ынталандырады, бизнесмен немесе менеджер тәнін сынға салып, шама-шарқын байқап көреді. Екіншіден, бұл ыңғайлы, себебі туған қалаңда отырсаң да, іссапармен өзге мемлекетте жүрсең де, жүгіре аласың. Үшіншіден, қолжетімді, ыңғайлы аяқ киімің болса жеткілікті.

«Банк Хоум Кредит» АҚ ЕБ мамыр айында Тамғалы тас шатқалының жанында, Іле өзенінің маңында өткен Home Credit Tengri Ultra – Ұлы дала марафонының бас демеушісі болған еді. Ол жарысқа Ондржей Кубиктің өзі де қатысқан болатын.

Денис Кулькин: Жүгіру, түрлі марафондарға қатысу Қазақстанда күн өткен сайын танымал болып келеді? Себебі неде?

Ондржей Кубик: Бұрын кімдер жүгіретін еді? Кәсіби спортшылар. Қалған ел оларды тек теледидардан көріп қана отыра беретін. Әрине, жүгіру мәдениетіне қызыққан бірен-саран адам болса болған шығар, бірақ олардың қатары аз еді. Бірте-бірте халық саламатты өмір салтына ден қойып, жүгірсем деп ниеттенетінді шығарды, велосипедке қызыға бастады.

Оның үстіне бұрын қоғам ұжымдық спорт түрлеріне жақын болатын. Қазір достарыңмен белгілі бір күнге, белгілі біруақытқа келісіп, жиналып, футбол ойнай қою қиын – уақыт жоқ. Ал жүгіремін десең, жалғыз да жүгіре бересің, ешкім бөгет жасамайды.

Қоғамның санасы да өзгеріп жатыр. 20-30 жыл бұрын әкімдікпен келісіп, жолды марафон үшін жапсаңыздар деп өтіну мүмкін еместей болып көрінетін. Біртүрлі болатын. Халық «қала – көлік үшін, жүргізушілердің құқығы жаяуларға қарағанда көбірек, артығырақ» деп санайтын-ды. Қазір, керісінше, ел автомобиль кеңістікті, қаланы ұрлап жатыр, жаяу жүретін жер жоқ деген пікірге тоқтай бастады. Бәлкім, бір 50 жыл өткен соң көлік саны азаяр. Каршеринг сияқты түрлі сервистер соған әкеле жатыр ғой. Ерте ме, кеш пе, қала кеңістігі адамдардың қолына оралады. Оның үстіне, жүгіру – жақсы бизнес.

Денис: Сіз жүгіруді неден бастадыңыз?

Ондржей: Спортқа бұрыннан жақынмын, ұзақ жылдар бойы велосипед теуіп, сонымен әуестендім. Чехияда бұл үшін барлық жағдай жасалған. Ойлы-қырлы жерлері аз, оның үстіне заң бойынша кез келген жерде велосипедпен жүре аласың: мәселен, орман иесі болсаңыз, оны қоршап қоюға құқыңыз жоқ. Бұл үлкен маңызға ие, себебі кейбір елде велосипедшілер үшін түрлі кедергілер бар, жүрер жолыңды алдын-ала жоспарлап алуға мәжбүрсің.

Бұрын велосипед тебуге мүмкіндігім болмаса, жүгіремін деп ойлайтынмын. Осыдан басталды бәрі. Тұңғыш Президент паркінде 4 шақырымнан жүгіріп жүрдім. Бірте-бірте қашықтықты арттыра бастадым, ақыры 12 шақырымға бір-ақ жеттім. Осыдан кейін Прагадағы марафонға қатысамын деп алдыма мақсат қойдым. Арнайы кітаптар оқыдым, дайындалдым. Басқа марафондарға да қызықтым. Скайраннингті де көрдім (скайраннинг – теңіз деңгейінен екі мың метрден жоғары таулы жерде өтетін жүгіру жарысы – ред.).

Алматыда Көкжайлау, Тұңғыш Президент паркі сияқты жүгіруге болатын тамаша жерлер бар.

Тенгри Ультра бар екенін білген соң, қатысып көрейін дедім. 35 шақырымды таңдаған едім, ұнады.

Денис: Дәстүрлі қала марафоны мен 35 шақырымдық Ультрадағы рекордтарыңыз қандай?

Ондржей: Қала марафондары бір-біріне ұқсайды, ең үздік нәтижем 3 сағат 50 минуттың айналасында. Ал ойлы-қырлы жерлермен, тауда жүгіру мүлдем басқа, дәстүрлі марафонмен салыстыруға келмейді. Әр дала немесе тау марафоны – өзінше ерекше, қайталанбас шара. Жүгіретін жер теңіз деңгейінен қаншалықты биік, ландшафты қандай – осының бәрі маңызға ие. Жалпы әр марафонда кез келген қатысушы, бірінші кезекте, өзі үшін жүгіреді, жарыс соңына қарай бәсекелестік жоғалады.

Денис: Ironman-ға қатысқыңыз келмей ме (әлемдегі ең қиын біркүндік жарыстардың бірі. Қатысушы демалмастан келесі үш кезеңнен өтуі керек: жүзу, велосипед, марафон – ред.)?

Ондржей: Ниет бар ғой. Жүзумен жүйелі түрде айналысамын, велосипедке баяғыдан қызығатыным бар. Триатлонның оңайлау түрінен бастап көргім келеді, бірақ тым жұмысбастымын. Жүгірудің өзіне уақыт таппай жатамын. Бірақ бұл бағытты дамытуым керек, оған шүбә жоқ.

Денис: Ультрамарафонға бірінші рет қатысқанда, таулы жермен алғаш жүгіргенде қандай сезімде болдыңыз? Қалай бой үйреттіңіз?

Ондржей: Жалпы алғанда мен үшін бұл табиғи процесс болды. Керісінше, қалада жүгірген біртүрлі көрінген еді. Табиғатты жақсы көремін, жиі саяхаттап кетемін, тауға шығу, шатыр құруды ең жақсы демалыс деп санаймын. Бірақ мұндай саяхатқа ауыр сөмке арқалап, ауыр бәтіңке киіп шығасың. Ал ультрамарафонда әдетте асықпай, бір қонып, екі күнде жететін жерге өзіңмен бірге су ала салып, жеңіл аяқ киім киіп, 8 сағатта жетесің. Тәніңе мән бересің, жүректі тыңдайсың. Қалада белгілі бір жүгіру қарқынын сақтап отыру керек, ал бұл – қиын іс. Тауда немесе далада өрге көтерілгенде жылдамдығыңды баяулатып, еңіс жерге келгенде шапшаңдатасың, шаршасаң, демалып алуға да мүмкіндік бар. Үздіктердің үздігі ғана мұндай жолға шыдас береді.

Денис: Дәстүрлі қала марафонында спортшыға әлдебір қуат беретін, ынталандыратын ой керек, әйтпесе жарты жолдан кейін бойды жайлап алатын үмітсіздік пен тәннің әлсіреп, шаршағаны үлкен кедергі болуы мүмкін.

Ондржей: Дәл солай. Қала марафонында жүгірер алдында қандай темппен жүгіретініңді анықтап аласың. Және жарыс кезінде сол қарқыннан таймау керек. Қатысушының дайындығы жақсы болса, ол жылдамдықтан басқаға назар аудармайды. 25 және 35 минут аралығы – шешуші сәт. Тәжірибемен келетін дүние ғой, 10-15 марафонға қатысқан адам қалай дұрыс жүгіру керек екенін біледі. Бәрі жылдамдық қарқынына байланысты. Қырық шақырымды 3 сағат 45 минутта немесе 4 сағат 30 минутта бағындырудың арасында үлкен айырмашылық жатыр.

Денис: Ультраны жүгірген кезде қандай күйде боласыз? Қандай тактика ұстанасыз?

Ондржей: Арнайы марафон үшін дайындалсаңыз 20 шақырымды қалай болғанда да жүгіріп өтетініңізді білесіз ғой. Тактикам мынау: жарыстың алғашқы жартысында энергиямды сақтаймын, қалған бөлігінде үздік нәтижеге қол жетізу үшін барымды саламын.

Денис: Банкті де осылай басқарасыз ба? Алдымен күш үнемдеп, артынан жеңіске жетесіз бе?

Ондржей: Банкте басқаша ғой. Біздегі жыл қорытындысын қарайтын болсақ, ең жоғары көрсеткіштер жылдың соңына келеді екен. Бірақ бұл бизнестің тек бір бөлігі ғана, ал басқа бағыттар бойынша маусым деген түсінік жоқ, сондықтан кез келген сәтте «спринт жүгіруге» дайын болу қажет.

Денис: Менеджемент жылдамдық қарқынын әрдайым қаперде ұстап отыруды қажет ететін қала марафонына ұқсай ма, әлде кез келген ой мен қырдан кейін бүкіл жағдай өзгеріп кетуі мүмкін ультрамарафон ба?

Ондржей: Лауазым деңгейіне байланысты. Орта деңгейдегі менеджмент қала марафонына ұқсайды, сізге бәрін алдын-ала жоспарлап, жұмыстың дұрыс жүріп жатқанын тұрақты түрде қадағалап отыру керек. Жылдамдық бірқалыпты болуы қажет. Сіз алда 42 шақырым бар екенін білесіз, ешқандай кедергі жоқ, жол тегіс. Ал басшылықтың жұмысы қарбалас, алуан түрлі ақпарат келіп түсіп жатады, сондықтан бұл ультрамарафонға ұқсайды. Сіз келесі таудың ар жағында не бар екенін білмейсіз. Қар түсіп, жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Сондықтан әрдайым күтпеген оқиғаға дайын болып, аяқ асты шешім қабылдап, баланс ұстауға мәжбүрсіз.

Денис: Agile әдісін қолданасыз ба?

Ондржей: Иә, әсіресе IT саласында бұған баса мән береміз: ірі жобалардың айналасында Agile-топтар қалыптастырамыз.

Денис: Көп адам Agile аласапыранның, тәртіпсіздіктің белгісі деп жатады. Біреулер мұны игере алады, біреулер астында қалады. Өзім, мысалы, 10 шақырымдық марафонды жүгірген кезде ойымды жүйелей алмай қиналдым. Қыз немесе егде адам басып озса, неге қалып қалдым деп уайымдай бастадым…

Ондржей: Бұған қуану керек қой, мысалы, мені әлдебір зейнеткер басып озса, қуанып қаламын, «окей, супер, дәл осы бетімнен таймасам, 20 жылдан кейін бұдан да жақсы жүгіре алады екенмін ғой» деп ойлаймын. Бұл – мен үшін позитив сәт.

Денис: Әйтсе де осындай жағдай кез келген жүйріктің, әсіресе ультраға немесе Ironman-ға қатысқан адамның басында болатын шығар. Мұндай күйзеліс сізде де бола ма? Жүгіріп бара жатып қандай ой ойлайсыз? Бәлкім жұмыстағы шешімін таппаған мәселелерден шығатын жол іздейтін шығарсыз? Мүмкін мазалап жүрген түйткілді дүниенің шешімін табуға тырысатын боларсыз?

Ондржей: Жаттығу кезінде мұндай ойдың болатыны анық. Шешілмеген мәселені де тарқатып, түбіне жетіп жатасың, Бірақ марафонды белгілі бір уақыт ішінде жүгіріп өтемін деп алдыма мақсат қойсам, жылдамдыққа, жүгіру қарқынына ғана көңіл бөлемін, ритм сақтап отырамын. Адам жылдам жүгіріп бара жатырмын деп ойлауы мүмкін, бірақ шын мәнінде сырт көзге басқаша көрінуі де ықтимал.

Тауда басқаша. Жол өзге, тау да бар, тас та бар, ой мен қыр да бар. Көз алдыңдағы соқпаққа жіті мән беру керек. Әрине, мұндайда басыңа түрлі ой келеді. Бірақ ауыр, еңсені басар ойлар емес. Керісінше, рахаттанасың, ләззәт аласың, таза ауамен дем алып, табиғатқа қарап сүйсінесің, қуанасың.

Денис: Сізді мықты және шыдамды адам ба деп отырмын. Себебі марафонға қатысушылардың көбісі 25-30 шақырымнан кейін өң мен түсті ажырата алмай қаласың, күш сарқылады, ақтық шақырымдарды басып өтуде шабыт-қуат сыйлайтын, ынталандыратын ой табу қиындай түседі деп жатады. Cізде банкті басқару барысында күш-шыдам бітіп, жаңа мотивация көзін іздейтін сәт бола ма? Мотивацияны қайдан аласыз?

Ондржей: Менің ойымша, мотивацияны адамның өзі тудырады. Шынымды айтсам, біреуді ынталандыру күмәнді дүние дер едім. Сіз әлденені бітірмекке әу бастан ынталысыз. Бәріміз жетістікке жеткіміз келеді.

Бұл өмірдегі ең қызық дүниенің бәрі тым қарапайым. Бизнес бір қарағанда күрделі көрінгенімен, шын мәнінде, оңай іс. Жұмысыңның мәнін жоғалтсаң, бәрін басынан баста. Бірақ бұл көп адамның қолынан келмейді, себебі олар сәтсіздікке ұшырағанға дейін көп уақытын соған арнаған, соны қимайды. «Не үшін?»деген сұрақ қойып, оған жауап таба алмасаң, дер кезінде тоқтай білу үлкен маңызға ие.

Денис: Қызық ой айттыңыз. «Не үшін» дегенді білу керек. Бір адам маған осы «не үшінді» білсең, «қалай» деген сұраққа жауапты оп-оңай табасың деп айтып еді. «Не үшін» деген сұраққа жауап бере алсаң, өмір жеңілдей түседі. Жүгіруде де солай шығар. Не үшін жарыс жолына шыққаныңды білуің керек. Сол кезде марафон оңай болады. Тенгри Ультра-2017 шарасына сізбен Банк Хоум Кредиттің қанша қызметкері қатысты?

Ондржей: Жиырмадай. Басқа облыстардан да адамдар келді.

Денис: Жақсы ғой. Басшы үлгі болуы керек. Бұл маңызды.

Ондржей: Мәселе үлгі болғаныңда да емес. Жүгіру керек пе, жүгір. Қолың тимесе де, қатыс. Марафонға қызықпасаң, велосипед теп, тіптіп кәсіби деңгейде гимнастикамен айналыссаң да болады.

Өмірімдегі есте қалған ең күшті сәттердің бірі Италиядағы марафон кезінде болды. Дәл алдымда жүгіріп келе жатқан адам құлады. Шамамен қырықыншы шақырым болатын. Екі-үш адам болып тоқтадық. Не болғанын білмедік, әлгі қатысушыға су беріп, өзіне келгенін күттік. Бұл – фейрплей. Екі минут жоғалтқан шығармыз, бірақ ешкім оны ойламады.

Денис: Бұл – менеджердің бойындағы ең тамаша қасиеттердің бірі. Екі минутты ойламай, командасындағы құлаған адамға көмектесе білу маңызға ие.