Павлодардағы Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Әйел адам ішімдік ішкен соң көлік айдауға құқығы жоқ болса да, жолға шығып, жол апатына ұшыраған. Полиция әйелден пара алып, әкімшілік істі бұрмалаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша, әкімшілік істі қарау барысында сотқа әйелдің жүкті екенін растайтын анықтама берілген. Нәтижесінде әкімшілік қамақ жазасы айыппұлға ауысқан. Прокурорлар тексеру кезінде әлгі медициналық құжаттың жалған екенін анықтады. Осылайша, сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленіп, масаң күйде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған әйелдің жауапкершілік пен жазадан жалтаруына көмектескені үшін полиция қызметкері кінәлі болды.
Сот полицияға 6,6 млн теңге айыппұл салып, мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымда қызмет ету құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам арнайы атағынан айырылды, ал пара ретінде алынған ақша тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
