Иранның оңтүстігіндегі бірнеше ауданда жарылыстар болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Иранның мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Бандар-Аббас портты қаласында алты жарылыс тіркелген. Ал «Фарс» ақпарат агенттігі Сирик қаласында он, Кешм аралындағы Мисин ауылында тағы төрт жарылыс дыбысы естілгенін хабарлап отыр. Әзірге қаза болғандар, зардап шеккендер немесе келтірілген шығын туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Кейін АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның Ормуз бұғазы арқылы өткен үш сауда кемесіне жасаған шабуылдарына жауап ретінде ел аумағына жаңа әскери соққылар бере бастағанын мәлімдеді. Қолбасшылықтың хабарлауынша, операцияның мақсаты – Иранның халықаралық теңіз қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету.
CENTCOM Иранды халықаралық сулардағы сауда кемелеріне шабуыл жасап, бұған дейін жарияланған атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады. АҚШ әскері соққылардың Иранның әскери инфрақұрылымына елеулі зиян келтіруге бағытталғанын мәлімдеді.
Қазір оқиғаның салдары мен келтірілген шығын көлемі нақтыланып жатыр. Иран билігі жарылыстардың себептері мен олардың салдарына қатысты толық ақпарат жариялаған жоқ.
