Не болды?
АҚШ президенті Доналд Трамп Иранға жоспарланған әскери шабуыл Парсы шығанағы елдерінің өтінішінен кейін тоқтағанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Президенттің айтуынша, 19 мамырға жоспарланған операцияны Қатар әмірі, Сауд Арабиясының тақ мұрагері және БАӘ президенті кейінге қалдыруды сұраған.
Қазір екі тарап арасында маңызды келіссөз жүріп жатыр. Трамп Иранның ядролық қаруды иеленуіне жол бермей, ел басшылығымен бір келісімге келетінін айтты. Келісім жасалмаса, АҚШ әскері Иранға кез келген уақытта шабуыл жасауы мүмкін.
DW агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың 19 мамырда Иранға соққы жасауды жоспарлағаны ресми түрде жарияланбаған. Иран билігі АҚШ ұсынған шартты «қысым көрсету» деп отыр.
Контекс
Естеріңізге салайық, сәуір айында Доналд Трамп «Иран өркениеті бүгін түнде жойылады» деп қатаң мәлімдеме жасаған еді. Ал оның алдында Иранға қарсы әскери операция аяқталуға жақын екенін айтқан.
АҚШ пен Иран Пәкістанның қатысуымен сәуір айында жасаған бітімін бірнеше рет бұзған. 13 сәуірден бері АҚШ әскери флоты Иран порттарын қоршауда ұстап отыр. Ал Иранның дрондары Ормуз бұғазындағы кемелер мен Парсы шығанағындағы нысандарға шабуыл жасауды тоқтатпаған.
