Бүгінде интернет алаяғы, фишиң, аккаунт бұзу және жеке деректің таралуы — жиі кездесетін қауіптердің бірі. Ал Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен eGov порталы азаматтарға кибергигиена ережесін сақтап, жеке дерегін қорғауға кеңес береді. Осыған орай, Baribar.kz интернеттегі қауіпсіздікті арттыруға көмектесетін бес қолданбаны жинақтады.
Microsoft Authenticator
Бұл қолданба аккаунттарыңызды екі факторлы аутентификация (2FA) арқылы қорғайды. Алаяқ құпиясөзді біліп қойған күннің өзінде қосымша растау кодынсыз жүйеге кіре алмайды. Артықшылығы мынадай:
- екі факторлы қорғау;
- бір реттік қауіпсіз код;
- ондаған сервисті бір жерден басқару.
Қазақстанның eGov порталы азаматтарға маңызды аккаунттарда екі факторлы аутентификация қолдануға кеңес береді.
Google Password Manager
Бұл сервис күрделі құпиясөздерді автоматты түрде жасап, оларды қауіпсіз сақтайды:
- бұзылу қаупі көп құпиясөзді ескертеді;
- бұзылған аккаунттарды тексереді;
- құпиясөзді құрылғылар арасында синхрондайды.
Министрлік азаматтарға әр сервиске бөлек құпиясөз қолдануға кеңес береді.
Google Find My Device немесе Apple Find My
Телефон жоғалса немесе ұрланса, осы сервистер:
- құрылғы орнын анықтайды;
- оны қашықтан бұғаттайды;
- қажет болса барлық деректі өшіруге мүмкіндік береді.
Бұл жеке деректің бөтен адамдардың қолына түсу қаупін азайтады.
Bitwarden
Bitwarden – құпиясөздерді қауіпсіз сақтайтын пароль менеджері:
- әр сайтқа бөлек күрделі құпиясөз жасайды;
- құпиясөздерді шифрланған түрде сақтайды;
- әлсіз құпиясөзді анықтайды.
eGov ұсынысы бойынша, бір құпиясөзді бірнеше сервисте қолдануға болмайды. Сондықтан пароль менеджерлері қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі.
Malwarebytes
Malwarebytes смартфон мен компьютерді зиян бағдарламалардан қорғауға көмектеседі.
Қосымша:
- күмәнді файлдарды тексереді;
- фишиң сайттарды анықтайды;
- зиян бағдарламаларды ескертеді.
eGov азаматтарға бағдарламаларды үнемі жаңартып, құрылғылардың қауіпсіздігін бақылап отыруды ұсынады.
Ескерту: бұл қолданбалар киберқауіптерден қорғануға көмектеседі, бірақ қауіпсіздікке 100% кепілдік бермейді. Сондықтан мамандар оларды күрделі құпиясөз, екі факторлы аутентификация және интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен бірге пайдалануға кеңес береді.
Қазақстанда халықтың цифрлық сауатын арттыруға арналған CitizenSec.kz платформасы бар. Мұнда кибергигиена, фишиңнен қорғану, әлеуметтік инженерия, ЭЦҚ қауіпсіздігі және дербес деректерді қорғау бойынша тегін бейнесабақтар мен оқу материалдары жарияланған.
