— Жанар ханым, не себепті педагог қызметін таңдадыңыз?

— Педагог болу бала кезгі арманым деп айта алмаймын. 90-жылдары елдегі жағдай қиын болды. Соған байланысты көп ата-ана балаларын алысқа оқуға жібергісі келмейтін. Павлодардағы университетте педагогика немесе техника мамандығын оқытатын. Таңдауым білім саласына түсті. Педагогиканы таңдап, бүгінде мұғалім болып жүргеніме еш өкінбеймін. Себебі бұл сала мені өзіне баурап алды.

Оқуды тәмамдаған соң бірден мектепке жұмыс істеуге келдім. Ол уақытта тәжірибесі бар ұстаздар жас мамандарға көп қолдау көрсететін. Сол себепті болар, ұстаз қызметіне махаббатым тез ашылды.

— Бастауыш класс балаларын оқыту қиын деп жатады. Ал сіз оқушының сабаққа ынтасын ашу үшін қандай әдіс қолданасыз?

— Меніңше, бастауыш кластың оқушыларымен жұмыс істеу, оның дәріске ынтасын ашу, пәндерге қызықтыру әлдеқайда оңай. Себебі кішкентайлар мектепке таза ақ парақ секілді келеді. Олар жаңа дүние үйренуге құштар, жаңа ақпарат қабылдауға ашық. Мұғаліміне толық сенім артады. Ал баланың осы ұмтылысын дамыту, ары қарай жетілдіріп алып кету — педагогтің міндеті.

Жеке өзім, балаға мотивация беру үшін жаңа технологияның мүмкіндіктеріне, интернетке жиі жүгінемін. Оқушы өз пікірін жазып, сурет, видеоға түсіріп, өз өнімін жүктей алатын бағдарламалар бар. Соларды белсенді түрде пайдаланамын.

педаог, мектеп

— Әдетте әр класта тынымсыз оқушы болады. Мұндай балалармен қалай жұмыс істейсіз?

— Оқу материалын түсіне алмайтын, қабылдауға қиналатын балалар бар. Одан бөлек ақпаратты лезде қабылдайтын, бірақ тынымсыз, тым белсенді балалар болады. Мұндай кезде әр баламен жеке жұмыс істеу керек. Мысалы, бір оқушы музыкаға қызықса, енді бірі спортпен шұғылданғанды ұнатады. Олардың осы хоббилерін, ерекшеліктерін оқу материалына қосып көрген абзал. Математикадағы есептерді музыка аспаптарымен байланыстырып түсіндіру керек. Яғни оқу материалында баланың ішкі әлемі болуы қажет. Сонда бала өзін сенімді сезініп, өз ойын ашық айтып, сабаққа белсенді бола бастайды.

Ал тым белсенді балалардың энергиясын спорт, үйірме, хобби секілді пайдалы дүниеге бағыттау қажет.

Әр баланың жеке тұлға екенін ұмытпаған жөн. Ол пікірін ашық айтуға құқылы. Мейлі кішкентай болсын, оның сөзін ескеруіміз, тыңдауымыз керек деп есептеймін.

— Оқушымен жұмыс істеу барысында кей әдіс-тәсілді сәтсіз пайдаланған кезіңіз болды ма?

— Әрине, әлі күнге дейін қате жіберіп жатамыз. Кейде сабақ барысы жоспардағыдай емес екенін байқайсың. Кейде сабақ жоспарың процеске сай келмейтінін түсінесің. Мұндай жағдайда педагог дәріс барысын толық бұрып, балаға түсінікті әдіс бойынша өткені дұрыс. Меніңше, бұл — қалыпты нәрсе. Адам қате жасау арқылы үйренеді, тәжірибе жинайды.

Дайындап келген конспектіңнің сабағыңа сай келмей қалуы қорқынышты емес, себебі оны өзгерту оңай. Ең қорқыныштысы — оқушы алдында абыройыңды, қадіріңді, сыйластығыңды жоғалтып алу. Мұғалім оқушысының сенімінен арылып қалса, оны оңалту қиынға соғады.

— Оқушыларыңыздың бастауыш кластан не нәрсені түйіп шыққанын қалайсыз?

Өмірде достық, сыйластық деген түсініктердің бар екенін білгенін, ұғынғанын қалаймын. Өзінің жеке тұлға екенін сезініп, өз ойын ашық айтып үйренсе екен деймін. Оқу материалында алған білімін өмірде дұрыс пайдаланып, өзін дамыта алғанын қалаймын.

педаог, мектеп
Фото жеке архивінен

— Бастауыш класс оқулықтарын шығаруда сарапшы ретінде жұмыс істеп жүр екенсіз. Осы қызметіңіз туралы айтып кетсеңіз. Кей ата-ана қазіргі оқу материалы қиын десе, енді бірі қате көп дейді. Сіз не дейсіз?

— Әлем бір орында тұрмайды. Бүгінде мектепте, университетте үйренгеніміз, алған ақпаратымыз жеткіліксіз. Күннен-күнге заман дамып жатыр, сәйкесінше білім деңгейі де көтерілуге тиіс. Сол себепті оқу материалындағы тапсырманың қиын болуы — орынды дүние.

Қазір тек оқушы емес, әр педагог ізденгені дұрыс. Педагог қаншалық білімді, тәжірибелі, танымал болса да, өзін-өзі дамытуды тоқтатпауы қажет. Ай сайын түрлі курсқа қатысып, білімімді арттырып отырамын. Жақында нейродидактика курсын тәмамдадым. Нейродидактика — мидың  ақпаратты қалай қабылдайтынын және дәріс кезінде оқушы дұрыс, түсінікті әрі толық мәліметке ие болуы үшін қандай әдістерді қолданған дұрыс екеніне көмектесетін тәсіл.

Ал кітапты мен тек мұғалімнің сабақ кезінде қолданатын ресурсы деп білемін. Педагог өз пәніне ыңғайлы ресурсты қолданады, керек емесін шетке ысырады.

— Қазақстанның білім жүйесінде қандай өзгеріс болғанын қалар едіңіз?

— Қазақстан мектептері бір-бірімен тығыз байланыста болса екен деймін. Мәселен, Павлодардағы бір мектептің оқушының Алматы немесе Қарағандыдағы мұғалімнен еш кедергісіз дәріс алуға мүмкіндігі болғанын қалаймын. Сонымен бірге педагогтар да тәжірибе алмасқаны абзал. Әр мектеп өз сабақ жоспарын, әдісін жасап, оны тек өзі пайдаланып отырғанша, басқалармен бөлісіп, Қазақстанның білім саласы деңгейін жоғарылатқаны дұрыс.

— Әңгімеңізге рахмет!