Атыраудағы қанды қылмыс: күйеу баласы күдікке ілінді

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы мүшелеріне қатысты ауыр қылмыстың мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы «Ақ Жайық» хабарлап отыр.

Жангелдин ауылында екі адамды өлтірді деген күдікке 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев ілінді.

Тергеу деректері бойынша, күдікті қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Марқұмдардың денесі шаруашылық қорадан табылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қора ішінде тереңдігі шамамен 1,5 метр болатын шұңқыр қазылып, мәйіттер соған көмілген. Үстіне линолеум төселіп, диван қойылған, ал ғимарат кілтпен жабылған.

Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Қазақстан аумағынан қашып кеткен болуы мүмкін. Күдіктінің ұялы телефоны алғашында Өзбекстан аумағында тіркелсе, кейін Малайзия арқылы Индонезияға өткен.

Тергеу барысында күдіктінің анасынан жауап алынғанымен, ол ұлы мен келінінің қайда екені туралы нақты мәлімет бере алмаған.

Істегі ең жұмбақ жайттардың бірі — марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің жұбайы Ақбаянның тағдыры. Ол әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Құқық қорғау органдары оның қайда екенін анықтау үшін іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен. 5 желтоқсанда полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс тіркеп, «адам өлтіру» бабы бойынша тергеу бастады.  

Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданында бұрын хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын ресми түрде растады.