Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанды

Нұр-Сұлтанда кәсіпқой бокс кеші аяқталды. Шоудың басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов аргентиналық Хуан Эрнан Леалмен жұдырықтасып, жартылай орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуіне таласты.

Данияр Елеусінов қарсыласын екінші раундта екі рет, үшінші раундта бір рет нокдаунға түсірді, бірақ аргентиналық боксшы кездесуді жалғастырып, 12 раундқа дейін шыдады. Төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.

Осылайша, Данияр Елеусінов тарихта әлем чемпионы белбеуін таққан бесінші қазақстандық атанды. Бұған дейін әлем чемпионы титулына Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов қол жеткізген еді.

Айта кетейік, 30 жастағы Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы атанған. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы, 2013 және 2015 жылдары Азия чемпионы болған.

ДереккөзTengrinews.kz