Мектепке дейінгі білім беру орталығына алғаш рет бару – бала үшін де, ата-ана үшін де маңызды кезең. Жаңа ортаға, күн тәртібіне бейімделу әр балаға оңай бола бермейді. Baribar.kz ата-аналарға баланы жаңа кезеңге психология тұрғысынан дайындауға көмектесетін қарапайым әрі тиімді тәсілдерді ұсынады.
Жаңа ортамен алдын ала таныстырыңыз
Мүмкін болса, балаңызбен бірге таңдаған орталыққа алдын ала барып көріңіз. Ойын алаңын аралап, топ бөлмесін көрсетіңіз. Алғашқы күні таныс ортада жүрген бала өзін әлдеқайда сенімді сезінеді.
Болашақ достарымен таныстыруға тырысыңыз
Балаңызды өзі баратын топтағы құрдастарымен ертерек таныстырыңыз. Бірге уақыт өткізу жаңа ортаға бейімделу процесін жеңілдетеді. Бірге ойнап, аз да болса араласып үлгерген балалар мектепке дейінгі білім беру орталығына келгенде өзін еркінірек сезінеді.
Үйде рөлдік ойындар ойнаңыз
Үйде оқу процесіне ұқсас ойын ұйымдастырып, кітап оқу, ән айту, сурет салу немесе тынығу сынды күнделікті істерді бірге жасап көріңіз. Кейде балаға тәрбиешінің рөлін беріңіз. Бұл оның жаңа ортаға деген қызығушылығын арттырып, қобалжуын азайтады.
Өзіне қызмет ету дағдысын қалыптастырыңыз
Киімінің түймесін тағу, сыдырмасын жабу, сөмкесін тағу немесе күртесін ілгішке ілу секілді қарапайым әрекеттерді алдын ала үйреткен жөн. Мұндай машық баланың өзіне сенімін арттырады.
Тәжірибеңізді айтып беріңіз
Балаңызға өзіңіздің алғаш даярлық мектебіне барған күніңізді айтып беріңіз. Сол кездегі қызық естелікті баяндаңыз, сақталған суреттер болса, бірге отырып көріңіздер. Бұл балаға жаңа кезеңді табиғи құбылыс деп қабылдауға көмектеседі.
Күн тәртібін ертерек өзгертіңіз
Сабақ басталғанға дейін бірнеше апта бұрын ұйқы мен ояну уақытын жаңа режимге бейімдей бастаңыз. Таңертең асықпай жиналуға мүмкіндік беретін күн тәртібі баланың күйзелісін азайтады. Кешке бірге ертеңгі киімін дайындап, таңертең бірге таңғы ас ішу де пайдалы әдетке айналуы мүмкін.
Баланың сезіміне құлақ асыңыз
Балаңыздан мектепке дейінгі білім беру орталығына бару туралы не ойлайтынын сұраңыз. Толқу немесе қорқыныш сезіну қалыпты екенін түсіндіріп, жаңа дос тауып, қызық ойын ойнайтынын айтып, жігерлендіріңіз.
Қоштасуды жеңіл өткізіңіз
Алғашында қоштасу сәті қиын болуы мүмкін. Сондықтан қоштасуды ұзаққа созбай, жылы көңіл күйде өткізген дұрыс. Балаңызға міндетті түрде қайта келіп алып кететініңізді айтып, екеуіңізге ғана тән шағын дәстүр ойлап табуға болады. Мысалы, ерекше қол алысу немесе құшақтасу баланың өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі.
***
Тағы оқыңыз:
