Басты бет / Жаңалықтар /
Полиция көлігі
Фото: Ерқанат Аманкел

Астанада кейінгі 10 күнде 760 келі есірткі табылды

Астанада полиция қызметкерлері 26 жастағы қала тұрғынын есірткі сақтады және таратпақ болды деген күдікпен ұстады. Тінту барысында одан және жалға алған пәтерінен жалпы салмағы 245 грамм болатын 227 орам а-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті есірткіні елорда аумағында өткізуді жоспарлаған.

Ведомство сонымен қатар шілде айының алғашқы онкүндігінде жүргізілген есірткіге қарсы іс-шаралардың қорытындысын жариялады. Осы кезеңде ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен аумақтық полиция бөлімшелері бірлесіп 187 есірткі құқық бұзушылығын анықтаған. Оның ішінде 86 қылмыстық терісқылық пен 101 қылмыс тіркелген.

10 күн ішінде есірткіні өткізудің 46 фактісінің, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт фактісінің және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егудің 40 дерегінің жолы кесілді. Сонымен қатар есірткі контрабандасының төрт фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 266 келі прекурсор мен 760 келі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 121 келіден астамы синтетикалық есірткі болған, — делінген хабарламада.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов жазғы демалыс кезінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, шілде айының алғашқы онкүндігінде 6 мыңға жуық жасөспірім мен жасты қамтыған 145 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Министрлік азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жастарды есірткі ортасына тарту әрекеттерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram