Қазақстандағы мұнай-газ саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы шамамен 1,2 млн теңгені құрайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, бүгінде елімізде көмірсутектерді барлау және өндіру саласында шамамен 65 мың адам еңбек етеді.
Мұнай-газ саласындағы орташа айлық жалақы шамамен 1,2 млн теңге болады. Бұл – республикадағы ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі, – деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға маман даярлауға 18,7 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) 10,1 млрд теңге, ал өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 45,5 млрд теңге инвестиция бағытталған.
