1 маусым: Бүгін қандай күн?

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау  күні.

Жыл сайын өткізілетін балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау күнін атап өту туралы шешім 1949 жылы Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. Алғаш рет 1950 жылы 51 елде атап өтілді.

Уикипедия деректеріне сүйенсек, алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Балаларды қорғау күнін олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Сондықтан бұл күні тұрақсыздық жайлаған елдердегі балаларға қамқорлық мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ, әлем халықтары 20 қараша күні Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусым күні Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді. Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.

Бүкіләлемдік сүт күні.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы 2001 жылы бекіткен. Бүкіләлемдік ата-аналар күні.  БҰҰ-ның халықаралық күндер жүйесінде 2012 жылы пайда болды. 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатарласа аталып өтіледі.