ЭКСПО көрмесі кезінде қонақүй бағасы қымбаттамайды

«Біз қонақүйлермен EXPO-ның өтуі барысында қызмет бағаларын көтермеу туралы меморандумға қол қойдық. Негізгі қонақүйлер желісіне қатысты, яғни брендтік, әлемдік атауы: 4 немесе 5 жұлдызды қонақүйлер. Ол жерлерде баға шарықтаған. Ал, астаналық қонақүйлер бағаларын тұрақты ұстауда», — деді А.Адамбеков.

Ол қонақүйлер желісі – тұру нысаны ретінде бағаны реттеу саясатына бағынбайтынын айтады. Өйткені олардың әрқайсысында өз баға саясаты бар, соны ұстанады.

«Ондай жерлерде қонақүйлерді басқару бағдарламасы бар. Адам саны көбейген сайын бағасы да қымбаттай береді. Егер адам саны аз болса, бөлме бағасы да төмен болады. Олардың құнының қойылуына осы қонақүйлер орталық кеңселерінде жүргізілетін сараптамалық зерттеулері әсер етеді. Содан кейін барып қана нарыққа сай тарифі бекітіледі», — деді «Астана Конвенш Бюро» директорының орынбасары.

Адамбековтің айтуынша, EXPO қарсаңында қонақүйлер желісі өз қызметтері үшін бағасын 20 пайыз қымбаттатқан. Ал елорда қонақүйлерінің бағасы еш өзгеріссіз қалады.

«Біз күнделікті бағаны бақылап отырамыз. Желілік қонақүйлерде баға 20 пайызға өсті. Қазақстандық қонақүйлер бір қалыпты ұстап отыр. Олар қонақүйлерді басқару бағдарламаларын қолданбайды. Көбі бекітілген тариф бойынша жұмыс істейді», — дейді А.Адамбеков.

Бұған дейін Астана әкімдігінің медиа орталығы мамандандырылған халықаралық EXPO көрмесі қарсаңында Астанада қосымша 11 қонақүй ашылатыны туралы хабарлаған болатын. Сонда барлығы 182 қонақүй меймандарды қабылдайды. Қонақүй қоры 13 мың жатын орынды құрайды.

EXPO кезінде ең тиімді, қалтаны қақпайтын тұру орындары – хостелдер де жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Астанада 45 хостел бар. Бағасы небәрі 5 мың теңгеден аспайды. Көрме кезінде хостелдер 3 мың орынды қамтамасыз етпек.

Дереккөз24.kz