Басты бет / Жаңалықтар /
Ербаян Мухтар
Фото: instagram.com/erbayan2024

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың неден қайтыс болғанын мәлімдеді

Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар полиоргандық жеткіліксіздік синдромынан көз жұмды. Бұл туралы Baribar.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлап отыр.

Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны туралы ақпаратты 24 маусым күні оның отбасының заңгері Инга Иманбай растаған болатын.

Министрлік мәліметінше, биыл маусым айында сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, соның салдарынан сепсис пен полиоргандық жеткіліксіздік дамыған. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

«2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та пациенттің биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі полиоргандық жеткіліксіздік синдромы болды. Пациент Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бастап өте ауыр жағдайда болды… Қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, пациенттің жағдайы критикалық деңгейде қалды», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында әскери бөлімде ауыр жарақат алған. Сол кезде әскери бөлім басшылығы оның дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын хабарлаған.

Алайда сарбаздың жақындары бұл нұсқамен келіспей, оқиғаға әскердегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Басынан ауыр жарақат алған Ербаянның жағдайы қоғамда кең талқыланып, Қазақстан армиясындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірталасты күшейткен болатын.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram