Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Еуродақ алғаш рет тәліптермен жабық келіссөз өткізді

Фото: Euronews

Не болды?

Еуропа комиссия өкілдері мен ЕО-ға мүше 15 мемлекеттің делегациясы Брюссельде тәліптермен жабық кездесу өткізді. Келіссөзде Еуропада заңсыз жүрген ауған азаматтарын отанына қайтару мәселесі талданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Қазір ауыр қылмыс жасаған немесе Еуропаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп танылған азаматтарды Ауғанстанға депортациялау тақырыбы өзекті болып тұр. Себебі ауған билігі мұндай азаматтарды қабылдамағандықтан, Еуропаның кей елі заңсыз жүрген жандарды кері қайтара алмай отыр.

Euronews басылымының дерегінше, кездесу Еурокомиссия ғимаратынан тыс жерде ұйымдастырылған. Алайда бұл кездесу тәліптерді ресми мойындаудың белгісі емес.

Швецияның көші-қон министрі Йохан Форсселл ауыр қылмыс жасаған азаматтарды елден шығару маңызды екенін айтып, бұл мәселені шешу үшін Кабулмен байланыс орнатуға тура келетінін жеткізді.

Еуростат дерегі бойынша, 2025 жылы ЕО елдерінде 63 мыңнан астам ауған азаматы босқын мәртебесін сұраған. Ал былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында Еуропа одағынан кету туралы нұсқама алған 14 мыңнан астам ауған азаматының тек 340-ы ғана еліне қайтқан.

Бірқатар еуропарламент депутаты мен құқық қорғаушылар мұндай байланыс тәліптер режимін жанама түрде заңдастыруға алып келуі мүмкін деп есептейді. Олар Ауғанстандағы адам құқығына, әйелдер мен қыздардың өміріне алаңдаулы.

Дегенмен Еуродақ заңсыз көші-қонмен күресу үшін ауған азаматтарын қайтару мәселесі бойынша Кабулмен диалогты жалғастырып келеді.

Контекст

Естеріңізге салайық, былтыр қараша айында Sayahat Time командасы Қазақстанның гуманитарлық миссиясы құрамында Ауғанстанға барып, деректі фильм түсіріп қайтқан.

Мақалаға реакция