Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Telegram арқылы есірткі сатқан трансұлттық топтың жетекшісі ұсталды

Видеодан үзінді
Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Польша Республикасынан трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен Украина азаматын экстрадициялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тергеу мәліметінше, күдікті Telegram желісіндегі Kaef Mafia интернет-дүкені арқылы синтетикалық есірткілер мен психотроптық заттарды байланыссыз тәсілмен сатумен айналысқан қылмыстық топқа жетекшілік еткен.

Арнайы прокурорлар оның есірткі бизнесін ұйымдастырып қана қоймай, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемаларын да басқарғанын анықтаған.

Тергеу барысында қылмыстық топтың банк шоттары арқылы 2,8 миллиард теңгеден астам қаржы өткізгені белгілі болды. Бұл қаражат Қазақстаннан тыс жерге шығарылғанымен, кейін қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне тәркіленген.

Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленді.

Қылмыс әшкереленгеннен кейін топтың бірқатар мүшесі сотталған. Ал ұйымдастырушы ретінде күдікке ілінген азамат құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Ол 2025 жылдың желтоқсанында Польша аумағында ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Заң бойынша оған тағылған айыптар дәлелденген жағдайда мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мақалаға реакция