Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Астанада полиция қызметкерлеріне 11 пәтердің кілті табысталды

Фото: gov.kz
Елордада Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шара барысында 11 тәртіп сақшысы баспаналы болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Салтанатты жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, оларды елорда әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіби мерекемен құттықтады. Мереке аясында көпбалалы және қызметтік міндетін үлгілі атқарып жүрген 11 полиция қызметкеріне пәтер кілті табысталды.

Іс-шара барысында қызметте жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәртіп сақшылары мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.

Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев Ішкі істер министрінің атынан бірқатар қызметкерге арнайы атақтар мен наградалар тапсырды. Олардың арасында мерзімінен бұрын берілген арнайы атақтар, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі, Құрмет грамоталары, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар бар.

– Сіздер қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында үлкен еңбек етіп келесіздер. Азаматтардың тыныштығын күзету – зор жауапкершілік. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыңызға амандық және қызметтеріңізге табыс тілеймін, деді Марат Төлебаев.

Мерекелік шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де назардан тыс қалмады. Полиция департаментінің басшысы журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ішкі істер органдарының жұмысын объективті жариялап жүргендері үшін алғыс білдірді.

Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада патриоттық әндермен қатар полиция қызметкерлерінің авторлық шығармалары – «Естех» және «Папа-герой» әндері орындалды.

Мерекелік кеш құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мақалаға реакция