Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: айыпталушы мас болмағанын айтты

Фото: t.me/prokadrykz
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша сот отырысында айыпталушы Александр Пак апат алдында аз мөлшерде сыра ішкенін, алайда мас болмағанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Александр Пактың сөзіне қарағанда, ол дәмханадан New Yorker сырасына тапсырыс берген.

Екі ұрттам ғана іштім. Ұнамады, содан кейін ішкен жоқпын. Өзімді мас болдым деп санамаймын, – деді ол сотта.

Судья айыпталушының назарын бұған дейін күдікті ретінде жауап берген кезде шамамен 0,3 литр сыра ішкенін айтқанына аударды.

Ол кезде шамалап айттым. Бірақ есімде қалғаны – екі ұрттам ғана ішкенім. Менің мас болғаным немесе өз әрекетімді түсінбегенім туралы әңгіме жоқ, – деп жауап берді Пак.

Кейін сотта одан алкогольдік масаң күйде болғаны туралы айыптаумен келісетін-келіспейтіні сұралды. Алайда айыпталушы прокурор мен жәбірленушілер тарапынан қойылған қосымша сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr жүргізушісі жарыс ұйымдастырмақ болып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза болды.

Іс бойынша айыпталушы Александр Пак сотта өз кінәсін толық мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың өкілдері сот барысында айыпталушыны кешіретіндерін айтып, оған бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұраған.

Мақалаға реакция