2026 жылғы Футболдан әлем чемпионаты — тарихтағы ең ауқымды ойын. Өйткені бұл қазіргі ең танымал әрі үздік футболшылар қатысып жатқан соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Әлем чемпионатына жалпы 48 ұлттық құрама қатысып жатыр. Турнир ауқымды болғандықтан, негізгі ойындар АҚШ-та өтсе, кейбір ойындар Канада мен Мексикада өтеді.
Baribar.kz әлем чемпионатына соңғы рет қатысып жатқан үздік футболшыларды тізіп шықты.
Бапкер Неймардың тәжірибесіне басымдық беріп отыр
ESPN басылымының мәліметінше, биыл Неймар да Силва Сантос Жуниор футболдан әлем чемпионатына төртінші және соңғы рет қатысып жатыр. Футболшы Бразилияның «Сантос», Испанияның «Барселона» мен Францияның «Пари Сен-Жермен» командаларына ойнап, танылған.

Неймар 34 жаста. Қазір «Сантос» футбол клубында ойнайды. Неймардың бразилиялық жанкүйерлері оған әлем чемпионатын жеңіп, «Алтын допты» алады деп сенім артып отыр. Алайда ол 2023 жылы қазанда тізесін жаралап алғандықтан, жеңіске жету жолы қиындады.
Бразилия ұлттық құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти Неймарға тағы бір мүмкіндік беруді жөн көрген. Ол — атақты еуропалық футбол клубтарын басқарған, UEFA Champions League турнирін ең көп жеңген бапкерлердің бірі. Анчелотти Неймардың жақсарғанын байқап, оны тоғыз шабуылшының қатарына қосқан.
Неймардың жылдамдығы баяуласа да, ойынды сезініп, дәл пас беру қабілеті әлі де бабында тұр. Дегенмен Неймар мамырдағы матч кезінде балтыр бұлшық етін зақымдап алған. Әлі де жарақаты жазылмағандықтан жаттығуға толық қатыспады. 2030 жылы әлем чемпионатында Неймар 38 жасқа келеді. Бұл — шабуыл шебіндегі футболшы үшін өте егде жас.
Месси алтыншы рет әлем чемпионатына қатысып жатыр
Лионел Месси 13 жасынан бастап «Барселона» клубының футболшысы болған. Ол әзірге биылғы Әлем чемпионаты өзі үшін соңғы ӘЧ екенін ресми мәлімдеген жоқ. Дегенмен жанкүйерлері оның жасын ескеріп, болжам жасап отыр. Ол 24 маусымда 39 жасқа толады. Reuters мәліметі бойынша, футболшы Аргентина ұлттық құрамасы сапында рекордтық алтыншы Әлем чемпионатына қатысып жатыр. Месси — 2023 жылдан бері АҚШ-тың Майами қаласындағы «Интер Майами» клубының ойыншысы.

Бақыттымын, әр сәттен ләззат алып жүрмін. Қарсыластар үшін Аргентинамен ойнау өте қиын болады. Өйткені бұл — өте мықты әрі бірлігі жарасқан команда, — дейді Месси.
2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатын Аргентинаның ұлттық құрамасы жеңіп алған еді. Финалда Аргентина мен Франция 3:3 есебімен тең ойнап, пеналти кезінде аргентиналық футболшылар 4:2 есебімен басым түсті.
Роналдудың әлем чемпионатын жеңетін соңғы мүмкіндігі
Криштиану Роналду 41 жаста. Футболшы әлемге Испанияның «Реал Мадрид» командасында ойнап жүріп танылған. SB nation басылымының дерегінше, ол Португалия ұлттық құрамасының футболшысы ретінде алтыншы рет әлем чемпионатына қатысып жатыр. Португалия әлі күнге дейін Әлем чемпионатын жеңбеген. Биылғы ойын — Роналдудың Португалиямен бірге алғаш әлем чемпионы бола алатын соңғы мүмкіндігі. Португалия үздіктер қатарына енбесе де, қауіпті команда. Сарапшылардың бағалауына қарағанда, Португалия FIFA рейтиңінде бесінші сатыда тұр.

Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру — 2023 жылдан бері Сауд Арабиясындағы Әл-Наср футбол клубының ойыншысы. Ол былтыр келісімшартты ұзартып, 2027 жылға дейін клубта қаламын деген шешім қабылдады. 2022 жылғы Әлем чемпионатындағы ширек финалда Португалия мен Марокко ойнаған еді. Бұл матч кезінде Роналду негізгі құрамда болған жоқ. Алаңға тек екінші таймның басында шыққан. Дегенмен Португалия 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Мануел Нойер биыл ұлттық құрамадан қайта шақырту алды
Мануел Нойер әлем чемпионатына Германия ұлттық құрамасының сапында қатысып жатыр. Ол — Германияның Мюнхен қаласындағы «Бавария» футбол клубының ойыншысы. Қазір 40 жаста. 2014 жылғы әлем чемпионатының финалында Германияның футболшылары Аргентина құрамасын 1:0 есебімен ұтып, жеңімпаз болған еді. Бұл ойында Мануел негізгі қақпашы болып, жеті ойынға қатысты. Алайда кейінгі екі чемпионатта да Германия құрамасы топтық кезеңнен өте алмай қалды.

Sky sports мәліметіне қарағанда, 2024 жылғы Еуропаның ұлттық құрамалары арасындағы турнирден кейін Мануел халықаралық мансабын аяқтаған еді. Алайда биылғы әлем чемпионатына орай ұлттық құрамадан қайта шақыру алды. Оның бұрынғы әріптесі Бенедикт Хёведес Мануелді әлемдегі үздік қақпашы дейді. Мануел чемпиондар лигасында 2010 жылдан бері 135 рет шабуылды тоқтатқан. Дегенмен Германияның бұрынғы қақпашысы Роман Уайденфеллер адам жас ұлғайған сайын баяу қозғалатынын, оны ешқандай жаттығумен түзеу мүмкін емес екенін айтты.
Лука Модрич бесінші рет әлем чемпионатына қатысып жатыр
Лука Модрич 40 жаста. Ол әлем чемпионатына Хорватия ұлттық құрамасының футболшысы болып бесінші рет қатысып жатыр. Модрич — Италиядағы «Милан» футбол клубының ойыншысы. Лука биылғы 26 сәуірде «Милан» – «Ювентус» ойынында сол жақ бет сүйегін жарақаттап алған. Келесі күні, яғни 27 сәуірде оған ота жасалған. Тhe Guardian басылымының дерегі бойынша, кез келген соққы Лука үшін соңғы болуы мүмкін. Десе де, Лука Модрич 7 маусымда Словенияға қарсы жолдастық ойында (ӘЧ емес) қарсылас қорғаушының қатесін ұтымды пайдаланып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Осылайша, Хорватияның 2:1 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.

Сарапшылар 17 маусымда Англия мен Хорватия арасында өтетін әлем чемпионаты ойынанда да осындай сәттер болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұған дейін Хорватия Әлем чемпиотанында жеңіске жетпеген. 2018 жылғы Әлем чемпионатында Хорватияның ұлттық құрамасы күміс жүлде алған еді.
***
Тағы оқыңыз:
