Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Астанада ірі жол апаты болып, 4 адам зардап шекті

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Астанада Орынбор көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылының қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Changan маркалы автокөліктің жүргізушісі солға бұрылу кезінде бағдаршамның қосымша секциясының талабын орындамай, тыйым салынған белгіге өтіп кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта түзу келе жатқан Mitsubishi көлігіне жол бермей, онымен соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін Changan автокөлігі жол жиегіндегі бағдаршамның металл тірегіне барып соғылған.

Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан Changan көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.

Оларға қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиғадан кейін екі көлік те эвакуацияланып, коммуналдық айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары екі жүргізушінің де мас күйде болмағанын атап өтті. Сараптама нәтижесінде олардың ағзасынан алкогольдік немесе өзге де масаңдық белгілері анықталмаған. Қазір жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Мамандар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, әсіресе бағдаршамның қосымша секцияларының талаптарына мұқият болуды ескертеді. Мұндай талаптарды елемеу ауыр жол апаттарына және адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Мақалаға реакция