Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Бибісара Асаубаева әлемнің үздік шахматшысы болды

Фото: instagram.com/bibisarachess
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FIDE Women’s Circuit 2026–2027 рейтиңінде бірінші орынға көтерілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл жетістікке ол Норвегияда өткен Norway Chess Women турниріндегі жеңісінің арқасында қол жеткізді. Жарыстағы табысты өнер көрсеткені үшін қазақстандық спортшы 29,7 рейтиңдік ұпай еншілеп, жалпы есепте көш бастады.

Осылайша Бибісара Асаубаева бұған дейін рейтиңнің бірінші сатысында тұрған үндістандық Вайшали Рамешбабу көрсеткішінен асып түсті. Үнді шахматшысы қазір үшінші орынға сырғыды.

Екінші орынға Қытай өкілі Чжу Цзиньэр көтерілді. Ол Norway Chess Women турнирінде 21,6 ұпай жинап, рейтиңдегі жағдайын жақсартты.

Халықаралық шахмат федерациясы – FIDE мамыр айындағы жарыстар қорытындысы бойынша жаңартылған рейтиңді жариялаған болатын. Сонымен қатар FIDE Circuit-тің ашық рейтиңінде көшбасшылықты өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов сақтап қалды. Ол жерлесі Жавохир Синдаров алдында аз ғана басымдықпен тұр. Үшінші орында америкалық гроссмейстер Фабиано Каруана орналасқан.

Айта кетейік, FIDE Circuit – әлемнің ең беделді шахмат турнирлерінің нәтижелері бойынша элиталық жарыстарға қатысушыларды анықтайтын рейтиңдік жүйе.

Мақалаға реакция