Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 халықаралық турнирінде мерзімінен бұрын бірінші орынды иеленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегияның Осло қаласындағы Deichman Bjørvika мәдени орталығында өткен жарысқа әлемнің ең үздік алты шахматшысы қатысты.
Турнирде қазақстандық спортшыға мықты қарсыластар жолықты. Олардың қатарында қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь, әлем рейтиңінде екінші орында тұрған Чжу Цзиньэр, үндістандық гроссмейстер Хампи Конеру, былтырғы турнир жеңімпазы Анна Музычук және әлем кубогының иегері Дивья Дешмух болды.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, бұл жарыс Бибісара үшін аталған турнирдегі алғашқы қатысу болды. Сонымен қатар ол Norway Chess Women тарихындағы ең жас қатысушы атанды.
Жарыс екі айналымды жүйе бойынша өтті. Әр шахматшы қарсыластарымен екі реттен ойнады. Ал классикалық партия тең аяқталған жағдайда жеңімпаз «Армагеддон» форматындағы шешуші ойында анықталды, — делінген хабарламада.
Бибісара Асаубаеваның бұл жеңісі Қазақстанның шахмат тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады.
