Табиғат байлығын тиімсіз пайдалану Арал теңізінің тартылып, жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрінің азаюына, тіпті жойылуына алып келді. Елбасы мақаласындағы айтылған қоғамның рухани жаңғыруы барысында ата-бабаларымыздан үйренетін жәйттің бірі – қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүріп, табиғаттың бергенін ысырапсыз кәдеге жарату.
Қазір қазақстандық генетиктер еліміздің биоалуандығын сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Генетика, геномика және өсімдіктер биотехнологиясы бойынша өтетін халықаралық төртінші конференцияда әлемнің 15 елінен келген 200-ден астам ғалым өсімдіктер қорын ұтымды пайдаланудың мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар олардың экологиялық өзгерістерге бейімділігі мен гендік инженерияның дамуы да сөз болады.
Өсімдіктер биологиясы институтының зертхана меңгерушісі Ерлан Тұрысбеков: «Біз биотехнологиялық жаңалықтардың көмегімен генетикалық қорларды сақтауға көп көңіл бөлуіміз керек. Өйткені жер шарында адам саны көбейіп жатыр. Ал табиғат қоры сарқылып барады. Сондықтан біздің дақылдардың өнімділігі мен сапасын жақсартатын тың идеялар қажет»,- деді.